Сынып жетекшілеріне ақы төлеу мәселесі қашан шешіледі

Жарияланды
Сынып жетекшілерге қосымша ақы қашан төленеді/kursiv.media архиві

Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің еңбекақысына қосымша ақы төлеу мәселесін кезең-кезеңімен шешіп келеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін мамандардың қосымша ақысына қатысты жүйелі мәселе болған. Қазір бұл мәселе шешімін тауып, қосымша төлем көлемі шамамен 60 мың теңгені теңгені құрап отыр.

Министрлік енді арнайы педагогтердің қосымша ақысын арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл бағытта депутаттармен бірлесіп, заңнамалық деңгейде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Келесі кезекте сынып жетекшілерінің қосымша ақысын төлеу мәселесі қаралады. Қазір министрлік бұл бағытта жан-жақты талдау жүргізіп жатыр.

«Біз бірден белгілі бір соманы қосымша төлейміз деп айта алмаймыз. Алдымен қанша сағат жүктеме бар екенін есептеуіміз керек. Мүмкін, бұл жеке пән ретінде енгізілер немесе басқа тәсіл қарастырылар. Сондықтан әзірге нақты бір шешім туралы айту ерте», – деді министр.

Оның сөзінше, сынып жетекшілерінің еңбекақысына қатысты мәселе министрліктің бақылауында тұр. Бұл мәселені шешу бюджет мүмкіндігіне де байланысты. Дегенмен ведомство оны жүйелі түрде реттеу жолдарын қарастырып жатыр.

«Бұл мәселе өте өзекті деп есептеймін. Оқу-ағарту министрлігі үшін де маңызды бағыттардың бірі. Тәрбие жұмысының сапасы сынып жетекшілерінің жұмысына тікелей байланысты. Ал білім беру процесін тұтас сүйемелдеу мен оның тиімді ұйымдастырылуына да осы бағыттағы жұмыс әсер етеді. Сондықтан әзірге нақты мерзімін айта алмаймын. Дегенмен оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені жүйелі әрі кешенді түрде пысықтап жатқанын атап өткім келеді», – деді министр.

Оқи отырыңыз: Биыл «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 901,7 млн доллар аударылды

Сондай-ақ оқыңыз