Қазақстан экспортының 49 пайызы – мұнай

Қазақстан экспорттан тапқан әр екі доллардың біріне жуығы шикі мұнайға тиесілі. 2026 жылдың тоғыз айында ел 24 мемлекетке 33,7 млрд доллардың мұнайын сатқан. Ең ірі сатып алушы – Италия: мұнай экспорты құнының үштен бірінен астамы осы елге тиесілі. Kursiv.Media Ұлттық статистика бюросының деректерін талдап, Қазақстан мұнайының қай елдерге және қандай көлемде экспортталғанын анықтады.
Тоғыз айда Қазақстаннан 53,12 млн тонна шикі мұнай 24 елге жөнелтілген. Экспорт құны бойынша ең ірі бағыт – Италия. Бұл елге жеткізілген мұнайдың құны 11,77 млрд долларға жетіп, Қазақстанның шикі мұнай экспортының 34,89%-ын құраған. Яғни мұнай экспортынан түскен әрбір үш доллардың бірінен астамы Италияға тиесілі.
Қазақстан экспортының жартысына жуығы — шикі мұнай
2026 жылғы қаңтар–қыркүйек. СЭҚ ТН 2709 коды бойынша, ақшалай құны.
Қазақстан 53,12 млн тонна шикі мұнайды 24 елге экспорттаған. Италия, Нидерланды және Францияға мұнай экспорты құнының 56,7%-ы тиесілі.
Қай елге қанша мұнай экспортталды?
Үлес шикі мұнай экспортының ақшалай құны бойынша есептелген.
млн $Көлемі
мың тоннаҮлес
Барлық 24 елді көрсету
Екінші орында Нидерланды тұр. Бұл бағыттағы экспорт 3,99 млрд долларды немесе жалпы мұнай экспортының 11,83%-ын құрады. Үшінші орындағы Францияға 3,36 млрд доллардың мұнайы жөнелтілген. Оның үлесі – 9,97%. Осы үш елдің жиынтық үлесі 56,7%-ға жеткен. Бұл Қазақстанның мұнай экспорты құнының жартысынан астамы үш нарыққа шоғырланғанын көрсетеді.
Негізгі сатып алушылар қатарында Греция мен Түркия да бар. Грецияға экспортталған шикі мұнайдың құны 2,28 млрд доллар, Түркияға жеткізілім 2,04 млрд доллар болған. Олардың үлесі тиісінше 6,76% және 6,04%-ды құрады. Испанияға 1,96 млрд доллардың мұнайы экспортталған, бұл жалпы көрсеткіштің 5,81%-ына тең.
Азиядағы бағыттардың ішінде Сингапурға 1,42 млрд доллардың, Қытайға 1,18 млрд доллардың және Корея Республикасына 985,8 млн доллардың мұнайы жөнелтілген. Олардың Қазақстанның шикі мұнай экспортындағы үлесі тиісінше 4,22%, 3,51% және 2,92% болды. Ал Румынияға жеткізілім құны 1,24 млрд долларды құрады.
Деректер шикі мұнайдың Қазақстанның сыртқы саудасындағы салмағы әлі де жоғары екенін көрсетеді. Бір ғана тауар тобы жалпы экспорт құнының жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр.