Қытай инвесторлары БҚО-дағы цемент зауытына 70,2 млрд теңге инвестиция салуға дайын

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында қытайлық Jiangxi Provincial Building Materials Group және SINOMA-CDI компаниялары жылына 1 млн тоннаға дейін өнім шығаратын цемент зауытын салады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаны іске асыру мәселелерін өңір әкімі Нариман Төреғалиев компания өкілдерімен талқылады.
Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 70,2 млрд теңгені құрайды. Болашақ кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін цемент шығаруға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру аясында 300 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Талқылау барысында болашақ кәсіпорынды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру және белгіленген мерзімдерді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Нариман Төреғалиев өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістер ашу және шетелдік инвестициялар тарту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары болып қала беретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс басшысы жауапты басқармаларға инвесторлармен өзара іс-қимылды жандандырып, жобаны іске асыруға байланысты мәселелерді шешуде қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Бұған дейін Қытайлық «Hoshen Holdings Group» компаниясы Ақмола облысында бидайды бірнеше рет өңдейтін ірі өндіріс кешенінің құрылысын бастайтынын хабарлаған еді.