Қарағандыда инвесторларға жер беруден бас тартқан екі шенеунік айыппұл арқалады

Қарағанды облысында инвесторларға жер учаскелерін беруден заңсыз бас тартқан екі лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері прокуратура «прокурорлық сүзгі» тетігі арқылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 906 шешімін тексерген. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын шектейтін бірқатар заңсыз әрекеттің жолы кесілген.
Атап айтқанда, 19 негізсіз тексеру тағайындауға жол берілмеді. Сонымен қатар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының қатысушысымен жасалған шартты бұзуға, жеті рұқсат құжатын беруден бас тартуға және бес инвесторға қатысты шектеу шараларын қолдануға тосқауыл қойылды. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 40 млн теңгеден асатын 31 әкімшілік айыппұлдың салынуына жол берілмеген.
Прокуратура кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың бірнеше дерегін де анықтады. Мәселен, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдарының «FLSmidth» ЖШС-ға қатысты тексеруді прокуратурамен келіспей тағайындағанын анықтады. Прокурор наразылығынан кейін тексеру туралы нұсқама мен оған қатысты шешімдердің күші жойылды. Ал салық органының лауазымды тұлғасына қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Бұдан бөлек, сот актілерін талдау барысында Қарағанды қаласы әкімдігінің инвесторларға жер учаскелерін беруден бас тарту туралы екі шешімі заңсыз деп танылды. Осыған байланысты екі лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Тағы да оқыңыз: Кәсіпкерлердің құқығын бұзғандарға 220 млн теңге айыппұл салынды