Елордада мас күйінде электромопед тізгіндеген азамат 20 тәулікке қамалды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Елордада мас күйінде электромопед тізгіндеген азамат 20 тәулікке қамалды / Фото: unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Елордада демалыс күндері полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған 19 жүргізушіні ұстады. Олардың арасында жүргізуші куәлігінсіз электромопед мінген 23 жастағы тұрғын да бар, деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті.

Құқық қорғаушылар жас жігітті Сәтбаев көшесінде жүргізілген профилактикалық рейд кезінде тоқтатқан.

«Тексеру барысында азаматтың жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Медициналық куәландыру оның жеңіл дәрежеде мас болғанын растады. Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып,электромопед арнайы айыппұл тұрағына қойылды», – делінген полиция хабарламасында.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2025 жылдың сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілген. Оларды басқару үшін жүргізуші куәлігі, тіркеу және сақтандыру полисі болуы міндетті. 

Ал ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігіне сәйкес, куәлігі жоқ адамның мас күйінде көлік жүргізуі 20 тәулікке (қайталанса 30 тәулікке) қамауға алуға әкеп соғады.

Айта кетейік, осыған дейін Қостанайда полициядан қашқан жүргізуші автобусқа соғылып қаза тапқанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз