Ақтөбеде 49 жастағы кәсіпкер өз үйінде өлі табылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Ақтөбеде 49 жастағы кәсіпкер өз үйінде өлі табылды / Фото: Shutterstock

16 қарашада таңертең Ақтөбе қаласындағы беделді аудандардың бірінде 49 жастағы кәсіпкер өз зәулім үйінде өлі табылды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, ер адамды атып кеткен болуы мүмкін. Марқұм – жанармай құю бекеттері желісінің директоры Айболат Жисов екені айтылуда. Оқиға таңғы сағат 07:30–07:40 шамасында болған. Көршілері тарс еткен үш дыбысты естігенімен, қараңғыда оны отшашу деп ойлаған.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті ер адамның мәйіті табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Күдіктіні анықтауға және ұстауға бағытталған қажетті тергеу мен жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізілуде», – делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Әзірге күдіктінің ұсталғаны туралы ақпарат жоқ.

Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбе қаласындағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз