Импорт азайған: көлік дөңгелектері қай елден жеткізіледі және бағасы қанша

Жарияланды
Елге жеткізілетін көліктердің құны қанша/ kursiv.media архиві

Қазақстанда көлік дөңгелектерінің импорты азайып, отандық өндіріс көлемі артып келеді. Сонымен қатар әр елден әкелінетін өнімнің бағасы да айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, Қытайдан жеткізілетін бір дөңгелектің орташа кедендік құны 28,5 доллар болса, Германиядан әкелінетін өнім 147 доллар тұрады. 

Energyprom.kz хабарлағандай, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанға жеңіл көліктерге арналған 3,89 млн жаңа шина импортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға аз.

Былтыр осы уақытта елге 4,56 млн дана өнім әкелінген.Ал отандық өндіріс керісінше өсіп отыр. Сегіз айда Қазақстанда 438,9 мың жеңіл көлік шинасы шығарылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,6%-ға жоғары.

2024 жылдың осы кезеңінде өндіріс көлемі небәрі 60 мың дана болған. Осылайша, екі жылда өнім шығару көлемі жеті еседен астам артқан.Қазақстандағы жалғыз шина зауыты Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан. Tengri Tyres кәсіпорны «Татнефть» пен Allur компаниялар тобының бірлескен жобасы саналады. Мұнда Attar брендімен өнім шығару 2024 жылдың маусымында басталған.

Биылғы сегіз айда Қытайдан 2,88 млн жеңіл көлік шинасы жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға аз болғанымен, жалпы импорттағы үлесі 74,1%-ға жеткен. Яғни Қазақстанға шетелден әкелінетін әр төрт дөңгелектің үшеуі Қытайда өндірілген.

Ресейден жеткізілетін өнім көлемі де едәуір қысқарған. Бір жылда импорт 35,8%-ға азайып, 706,8 мыңнан 453,7 мың данаға түскен. Ресейдің жалпы импорттағы үлесі 15,5%-дан 11,7%-ға дейін төмендеген.

Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея мен Жапония тұр. Бұл елдерден әкелінген өнім көлемі тиісінше 37,8% және 42,1%-ға азайған. Ақшалай есептегенде, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында жеңіл көлік шиналарының импорты 155 млн доллар болған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 15,3%-ға төмен. Оның 82,2 млн доллары Қытайдан әкелінген өнімге тиесілі.

Бағаға келсек, бір импорттық шинаның орташа кедендік құны 39,8 долларды құраған.

Былтыр бұл көрсеткіш 40,1 доллар болған. Қытайдан әкелінген бір шинаның орташа құны 28,5 доллар болса, Ресейден жеткізілген өнім 36,6 доллар тұрған. Бір жылда Ресей шиналарының бағасы 15,2%-ға, Қытай өнімдерінің бағасы 4,8%-ға төмендеген.

Ал Оңтүстік Корея мен Жапониядан әкелінген бір шинаның орташа құны тиісінше 66,5 және 89,4 доллар болған. Ең қымбат өнім АҚШ, Бразилия және Канададан жеткізілген. Олардың орташа кедендік құны 201,7-257,9 доллар аралығында.

Еуропа елдерінен әкелінетін шиналар да қымбат. Мәселен, Мажарстаннан жеткізілген бір өнімнің орташа құны 196,2 доллар, Германиядан келгені 147 доллар, ал Польшадан әкелінгені 136,3 доллар болған. Осылайша, еуропалық шиналар Қытай өнімдерінен орта есеппен 5-7 есе қымбатқа түскен.

Қазақстаннан шетелге шығарылатын жеңіл көлік шиналарының көлемі де өскен. Биыл сегіз айда экспорт 52,2%-ға артып, 554,2 мың данаға жеткен. Бұл елдегі өндіріс көлемінен де көп. Сондықтан экспорттың бір бөлігі бұрын импортталған өнімнің қайта сатылуы болуы мүмкін.Қазақстан шиналарының негізгі сатып алушысы – Ресей. Көрші елге 494,5 мың дана өнім жөнелтілген.

Бұл жалпы экспорттың 89,2%-ын құрайды. Сонымен бірге қазақстандық шиналарды алыс шетелдерге жеткізу көлемі де 2,5 есе өсіп, 59,6 мың данаға жеткен. Жаңа экспорт бағыттарының қатарында Грекия, Болгария, Мысыр және Италия бар.Жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар нарығында жағдай өзгеше.

Биыл олардың отандық өндірісі 26,6 мың данаға жеткенімен, нарықтағы үлесі небәрі 2,8% болған. Ал импорт 18,9%-ға өсіп, 927,1 мың данаға жеткен.Бұл сегментте де Қытай негізгі жеткізуші болып отыр.

Сегіз айда Қытайдан 589,1 мың жүк көлігі мен автобус шинасы әкелінген. Бұл былтырғыдан 27,5%-ға көп. Одан кейін Ресей мен Вьетнам тұр.

Жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналардың экспорты да артқан. Биыл шетелге 99,6 мың дана өнім жөнелтілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3,2 есе көп. Экспорттың 84,2%-ы Ресейге тиесілі.

Оқи отырыңыз: Арзан қысқы дөңгелек іздегендер алаяқтарға алданып жатыр

Сондай-ақ оқыңыз