Жаңа көлік саудасы рекордтық деңгейге жетті: қазанда қай брендтер көп сатылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Дина Карамчакова

Қазақстанда жаңа автокөлік саудасы қазанда жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Бір айда ресми дилерлер 21 912 жеңіл және коммерциялық көлік сатты. Бұл былтырғы қазанмен салыстырғанда 8,5%-ға, ал биылғы қыркүйекпен салыстырғанда 13,1%-ға көп. Айлық сатылымда Chevrolet алға шықса, қаңтар-қазан қорытындысы бойынша Hyundai көш бастап тұр. Бұл туралы Қазақстанның Автокөлік Одағы (ҚАО) хабарлады.

Қай көлік брендтері көп сатылды

2026 жылғы қазанда ең көп сатылған брендтер қатарында Chevrolet, Hyundai және Kia бар. Chevrolet бір айда 4 174 көлік сатып, бірінші орынға шықты. Бұл былтырғы қазанмен салыстырғанда 49%-ға көп.

Hyundai 3 200 көлікпен екінші орынға тұрақтады. Алайда бренд сатылымы бір жылда 24,4%-ға төмендеген. Ал Kia 2 350 көлік сатып, үшінші орын алды. Оның көрсеткіші былтырғы қазанмен салыстырғанда 23,6%-ға өскен.

Қазан айында ең көп сатылған он брендтің көрсеткіші:

БрендСатылған көлік саныБір жылдағы өзгеріс
Chevrolet4 174+49%
Hyundai3 200-24,4%
Kia2 350+23,6%
Changan1 923+31,5%
Chery1 656+40%
Haval1 242+21,2%
Toyota1 085-4,7%
Jetour893-30,4%
Geely Galaxy773Жаңа бренд
Geely626-4,6%

Ең көп сатылған модель – Chevrolet Cobalt

Қазан айындағы модельдер рейтингінде Chevrolet Cobalt айқын басымдықпен бірінші орын алды. Бір айда осы модельдің 3 928 данасы сатылған.

Екінші орынға 1 446 көлік көрсеткішімен Hyundai Mufasa жайғасса, үшінші орынды 896 данасы сатылған Kia Sportage иеленді. Алғашқы бестікке Hyundai Tucson (864 көлік) және Changan CS55 Plus (753 көлік) те енді.

Қазан айында ең көп сатылған 10 модель:

  1. Chevrolet Cobalt – 3 928;
  2. Hyundai Mufasa – 1 446;
  3. Kia Sportage – 896;
  4. Hyundai Tucson – 864;
  5. Changan CS55 Plus – 753;
  6. Kia Cerato – 610;
  7. Changan CS75 Plus – 513;
  8. Chery Tiggo 7 – 507;
  9. Haval Jolion – 504;
  10. Chery Tiggo 2 – 495.

Жыл басынан бері 187 мыңнан астам көлік сатылды

Қаңтар-қазан қорытындысы бойынша Қазақстанда 187 698 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артық.

Он айдың қорытындысында Hyundai 30 697 көлікпен бірінші орында тұр. Chevrolet одан сәл ғана қалып, 30 446 көлік сатумен екінші орынға жайғасқан. Үшінші орында – 21 314 көлік көрсеткіші бар Kia.

Changan сатылымы бір жылда 92,6%-ға өсіп, 17 568 көлікке жеткен. Осылайша бренд жалпы рейтингте төртінші орынға көтерілген. Бестікті 13 650 көлік сатқан Chery түйіндеді.

ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, Қазақстанның автонарығында бәсеке жоғары, бұл тұтынушыларға ұсынылатын көлік түрлерінің көбеюіне ықпал етеді.

«Қазақстанның автонарығында бәсеке жоғары, бұл бизнестің өсуіне түрткі болып, тұтынушылар үшін ұсыныс ассортиментін кеңейтеді», – деді ол.

Сондай-ақ ҚАО басшысы жыл соңында нарықтағы көшбасшылардың орны өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, қараша-желтоқсан айларында мерекелік науқандарға байланысты автокөлік саудасы әдетте артады.

Сондай-ақ оқыңыз