Алматыда Volvo және HOWО жүк көліктері шығарыла бастайды

Алматыда Volvo жүк көліктерін шығаратын зауыт салынады, енді Mersedes-пен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Отандық тасымалдаушылардың автопаркін жаңарту мақсатында, ауыр жүк көліктерінің халықаралық брендтерін локализациялау үшін жұмыс жүргізілуде. Бүгінде HOWO, SITRAK және SKYNET жүк көліктерін шығару қолға алынды. Одан бөлек олардың құрамдас бөлшектерін локализациялауға басымдық беріледі. Осы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын өндіруді бастау жоспарланған. Mersedes-пен келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді министрлер кабинетінің басшысы.
Volvo жүк көліктерін шығару туралы бұған дейін жазда да үкімет отырысында талқыланған. Сол кезде Бектенов жалпы қуаты жылына 1 мың бірлік болатын Volvo және XCMG маркалы тартқыштар шығаруды бастау жоспарланып отыр деген еді. Жүк көліктері Astana Motors зауытында құрастырылады.
Ал өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев Қытайдың HOWO маркалы жүк көліктері Saran Machinery зауытында шығарылатынын айтты. Кәсіпорын жылына 10 мыңға дейін жүк көлігін өндіре алады. Жобаның құны – 24 млрд теңге. Алғашқы кезеңде зауытта жүк көліктерінің кабинасы мен шассиі жасалады. 2026 жылы дәнекерлеу және бояу желілерін іске қосу жоспарланған. Кейін өндіріс толық циклге көшіп, көлік бөлшектерінің бір бөлігі Қазақстанда шығарыла бастайды.
Жыл басынан бері елде жалпы құны 900 млрд теңге болатын 125 өнеркәсіптік жоба іске қосылған. Енді бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Олардың қатарында теміржол дөңгелектеріне арналған бөлшектер мен кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар. Жыл соңына дейін жаңа жобалардың санын 200-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, 200 жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асады. Олардың іске қосылуы нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның 5,5 мыңы ауылдық жерлерде құрылады.
Оқи отырыңыз: Мұнай-газ саласына қажет өнім шығаратын 15 өндіріс орны құрылмақ