Қазақстанның IT-компаниялары шетелге 1,1 млрд доллардың қызметін сатты

Қазақстан IT-қызметтерін шетелге сатудан түсетін табысын екі жыл ішінде екі еседен астам арттырды. Қазір отандық IT-қызметтер экспортының көлемі 1,1 млрд доллардан асты. Оның жартысынан көбін Astana Hub резиденттері қамтамасыз етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда Astana Hub резиденттері шетелдік нарықтарға 317 млрд теңгенің қызметін экспорттаған. Бұл отандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығып, елге шикізаттан тыс табыс әкеліп отырғанын көрсетеді.
«Биыл тоғыз айда резиденттер 317 млрд теңгеге экспорт жасады. Бұл – шикізат емес экспорт және жаңа жұмыс орындары. Яғни нақты нәтиже», – деді Ростислав Коняшкин.
Қазақстандық стартаптар шетел нарығына шығып жатыр
Astana Hub стартаптарды дамытудың түрлі кезеңінде қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, акселерациялық бағдарламаларға қатысуға, қаржыландыру алуға және шетелдік нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанның 20 өңірінде IT-хаб жұмыс істейді. Олардың базасында осы уақытқа дейін 2,5 мыңнан астам іс-шара өткізілген.
Қазақстандық стартаптардың халықаралық нарыққа шығуына да жағдай жасалып жатыр. Қазіргі уақытта АҚШ, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Малайзияда төрт IT-хаб жұмыс істейді. Олардың бағдарламаларына 61 қазақстандық стартап қатысқан.
Ал 20 қарашада Ұлыбританияда Қазақстанның бесінші халықаралық IT-хабын ашу жоспарланып отыр.
Вице-министрдің сөзінше, мұндай хабтар отандық IT-компанияларға шетелдік нарықтарға шығуға, халықаралық сарапшылармен байланыс орнатуға және экспорттық әлеуетін арттыруға көмектеседі.
Тағы да оқыңыз: Үкімет 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жоспарын бекітті