Лизинг автонесиені алмастыра ала ма – вице-министр жауабы

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков автолизинг арқылы көлік сатып алудың тиімділігі мен сұранысына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, көлікті қалай сатып алу керегін әр азамат өзі шешеді. Бұл – әркімнің жеке құқығы мен таңдауы.
«Азамат көлікті сатып алу тәсілін өзі таңдайды. Өнеркәсіп министрлігі ретінде біз халыққа көлік сатып алуды жеңілдететін түрлі құралдарды ұсынуға мүдделіміз. Солардың бірі – қаржылық лизинг. Біз қандай да бір статистикалық көрсеткішке ұмтылып отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз – көлік сатып алуды ыңғайлы ететін қажетті құралдарды ұсынып, азаматтарға таңдау мүмкіндігін беру. Қазір қазақстандықтар автолизинг қызметін пайдалана алады», – деді Олжас Сапарбеков.
Сондай-ақ вице-министр кейбір сарапшылардың көлік бағасының төмендеуіне байланысты халық арасында автонесиеге сұраныс азайып жатыр деген пікіріне де тоқталды.
«Несие де, бөліп төлеу де бар. Бұл мәселеге қатысты түрлі пікір айтылады. Алайда сарапшылардың қай салаға жататынын және талдауды қандай негізде жүргізетінін ескеру керек. Қалай болғанда да, біз халыққа көлік сатып алуға қолайлы жағдай жасау үшін барлық қажетті мүмкіндікті қалыптастыруды жалғастырамыз», – деп түйіндеді вице-министр.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда құрастырылған көліктер 17%-ға арзандады – вице-министр