«Халықтық құрылыс» бағдарламасына Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді

«Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектенов хабарлады.
Айтуынша, аталған бағдарламаны жүзеге асыру отандық өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашады. Соның аясында Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.
”Халықтық құрылыс” бағдарламасын кең ауқымда жүзеге асыру басталып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен, «Бәйтерек» холдингі және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, аталған бағдарламаға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етсін», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қолда бар өндірістік қуаттарды іске қосу және материалдар мен жабдықтар шығару ісін кеңейтуді талап ететін бағыттарды алдын ала айқындау қажеттігі атап өтілді.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жинақталған нақты тәжірибе бар екені атап өтілді. Оған сәйкес, 106 жобалау-сметалық құжаттама бойынша материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілік айқындалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтық құрылыс» бағдарламасын ұсынған еді.