Елде ЖИ форматындағы тоғыз цифрлық ХҚКО ашылды

Тоғыз қалада тұрғындар мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың көмегімен өз бетінше ала алатын жаңа үлгідегі кеңселер ашылды. Алдағы уақытта мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде іске қосылады деп хабарлайды ЖИ министрлігі.
Жаңа цифрлық кеңселер Астана, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Сәтбаев, Орал, Петропавл, Қарағанды және Тараз қалаларында жұмыс істеп тұр.
Жаңа кеңселер үш аймақтан тұрады. Аумақтың 70%-ы жедел қызмет көрсетуге арналған. Бұл жерде азаматтар терминалдар мен eGov GPT цифрлық көмекшісін пайдаланады. Кеңсенің 20%-ын консультанттар жұмыс істейтін сараптамалық аймақ алады. Олар қызметті рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болған тұрғындарға көмектеседі. Қалған 10%-ында цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтар өткізіледі.
Жаңа жүйенің негізгі құралдарының бірі – eGov GPT жасанды интеллект көмекшісі. Ол азаматпен диалог жүргізіп, қажетті мемлекеттік қызметті табуға, оны алу жолын түсіндіруге және онлайн рәсімдеу кезінде бағыт-бағдар беруге көмектеседі.
Дегенмен цифрлық форматқа көшу мамандардың көмегін толық алып тастамайды. Кеңселерде консультанттар жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар дайын құжаттарды тәулік бойы алуға мүмкіндік беретін постаматтар орнату жоспарланып отыр.
Алғашқы цифрлық кеңсе
Қазақстандағы алғашқы цифрлық кеңсе 2026 жылғы маусымда Жезқазғанда ашылды. Кейін бұл тәжірибе басқа қалаларға да тарады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, цифрлық кеңселер мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект негізінде көрсететін бірыңғай жүйенің бір бөлігі саналады. Мемлекет басшысының электронды үкіметке ЖИ енгізу және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы кезең-кезеңімен орындалып жатыр.
Министр дербес деректерді қорғау басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа кеңселерді бүкіл елге тарату өңір тұрғындарының мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін теңестіруге және Қазақстан бойынша қызмет көрсетудің бірыңғай стандартын қалыптастыруға мүмкіндік береді.