Қазан айында электр энергиясы бірден 3,4%-ға қымбаттады

Қазан айында электр энергиясының құны қыркүйекпен салыстырғанда 3,4%-ға өсті. Қазіргі айлық өсім қарқыны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) бағасын көтеруге қойылған мораторий алынып тасталғаннан бергі жеті ай ішіндегі ең жоғары көрсеткішке айналды. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр.
Шектеулер алынғаннан кейінгі алғашқы үш айда, яғни сәуірден маусымға дейін тарифтер өзгерген жоқ. Бағаның өсуі шілде айында, монополияға қарсы орган энергия беруші ұйымдардың алғашқы өтінімдерін қарап, жаңа тарифтерді бекіткен кезде басталды. Содан бері электр энергиясының құны біртіндеп қымбаттап келеді.
Ел бойынша орташа қымбаттау көрсеткішіне бес өңірдегі жағдай әсер еткен, олардың қатарында Алматы қаласы, Алматы облысы және Шымкент бар. Қалған 15 өңірде тариф өзгеріссіз қалған.
Айта кетерлігі, қазан айындағы статистика қыркүйекте орын алған қымбаттауды көрсетеді. Себебі коммуналдық қызметтерге арналған тұтынушылық баға индексін есептеу кезінде бюро есептік кезең аяқталғаннан кейін ұсынылатын төлем құжаттарының деректерін пайдаланады.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясы тарифтерін әрі қарай өсіру жоспарда жоқ екенін айтты. Сонымен қатар министр тарифтерді өсіру қадамына барғысы да келмейтінін айтты.