Атырауда бір жасар қыз қызылша асқынуынан көз жұмды

Атырау дәрігерлері Жылыой ауданынан санитарлық авиациямен жеткізілген бір жасар қызды аман алып қала алмады. «Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, бүлдіршін қызылша ауруының ауыр асқынуынан 16 қараша күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қайтыс болған.
Қайғылы жағдай туралы алғаш болып Threads әлеуметтік желісінде жалпы тәжірибелі дәрігер Жұлдыз Қоспанова жазды. Оның айтуынша, балада туа біткен жүрек ақауы болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүлдіршін Атырауға 14 қарашада аса ауыр хәлде жеткізілген. Негізгі ауру аясында екі жақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған. Дәрігерлер қарқынды терапияның толық кешенін жүргізгенімен, сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
1 қазан мен 17 қараша аралығында Атырау облысында қызылшаның 45 дерегі зертханалық түрде расталған (былтыр осы кезеңде 78 жағдай тіркелген). Қазір ауруханаларда 7 науқас ем қабылдап жатыр.
Басқарма өкілдері ауруханаға түскендердің басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмағанын атап өтті. Алайда шетінеген бүлдіршіннің екпе алған-алмағаны әзірге нақтыланған жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін қызылшаға қарсы екпені балаға қай жаста салдыру керек және неге кешіктіруге болмайтынын жазған едік.