
Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты мәлімдеме жасады. Ол көпшіліктің сынына жауап беріп, әзілкешпен шариғат жолымен некелескенін айтты.
Айман Instagram парақшасында өзін ешкімнің көңілдесі немесе тоқалы санамайтынын жеткізді.
«Ешқашан ешкімнің любовницасы да, тоқалы да болған емеспін. Бірінші күннен Алла алдында мешітке барып некелескен, мұсылмандық жолымен, шариғат жолымен некелескен некем бар. Менің де, оның да бір-ақ рет», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Айман Тұрсынбек Қабатовтың екі отбасының алдында да өз міндеттерін орындап жүргенін, сегіз баласын қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді.
«Тұрсынбек қай үйде болса да, екі отбасының алдындағы міндеттерін шектеп, азайтып, қараусыз, сұраусыз қалдырған емес ешқашан. Қолыңнан келсе, 8 балаңды асырап, жақсы мектептерде оқытып, жақсы киіндіріп, бар жағдайын жаса», – деді ол.
Әзілкештің екінші әйелі көпшілікті екі отбасын араздастырмауға шақырып, Қабатовтың бірінші отбасына құрметпен қарайтынын айтты.
«Екі жақты араздастыруды қойыңыздар. Әйелді әйелге жау етпей. Адамның жаманы жоқ. Мен үлкен үйдің әрбір жанын бір адамша сыйлаймын, құрметтеймін», – деп жазды Айман.
Ол Тұрсынбек Қабатовтың болашақта тағы да үйленуіне қарсы емес екенін де аңғартты.
«Менен кейін 10 қатын алса да, Алла қаласа алады. Маған десе, әр өңірде бір ұрпағы қалсын. Кім біледі, солардың ішінен бір ел басқаратын, Абайдай ұлы тұлғалар шықпасына кім кепіл? Бұл – біреудің тарихы», – деді ол.
Бұған дейін Тұрсынбек Қабатов та сахнада екінші некесіне қатысты әзіл айтып, көпшіліктің талқысына түскен еді.