Полиция терроризм туралы жалған хабар тарататындарға ескерту жасады

Жыл басынан бері терроризм туралы жалған хабар таратқан 23 адам жауапқа тартылды. Ішкі істер министрлігі дерегінше, қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың ішінде 14 пен 17 жас аралығындағы жеті жасөспірім бар.
Осыған байланысты полиция қандай да бір ғимаратта жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама таратудың салдары ауыр болатынын ескертті.
«Жалған хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджер мен әлеуметтік желі арқылы таратылады. Көп жағдайда осындай әрекетке өз ісін жай ғана қалжың немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады.
Әрі қарай хабарламада көрсетілген нысан, яғни мектеп, аурухана және басқа да мекемелердегі адамдар эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, ресурстар мен қомақты қаражат жұмсалады», – деп түсіндірді полиция.
Ескеретін жайт – терроризм туралы жалған хабар таратқаны үшін 14 жастан асқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Бұл қылмыс үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі.
Бұған дейін Павлодарда мектеп оқушысы сыныптасының телефонын пайдаланып, теракт дайындалып жатқаны туралы жалған хабарлама жіберген. Содан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.