16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға не себепті тыйым салынбақ

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Фото: shutterstock

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу ұсынылды. Жаңа талап мессенджерлерге қолданылмайды. Ал онлайн-платформалар пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттелуі мүмкін.

Бұл норма онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер жобасында қарастырылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, бастама балаларды зиянды және деструктивті контенттен қорғауға бағытталған.

«Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізу іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты он алты жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады», – деді министр.

Оның сөзінше, платформа иелері мен олардың Қазақстандағы өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауы керек. Бұл ретте шектеу тұлғааралық қарым-қатынасқа, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қатысты болмайды.

Заң жобасы әзірге бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз