Әлеуметтік желі мен БАҚ-та балағат сөз қолдану ұсақ бұзақылыққа теңестірілмек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Әлеуметтік желіде балағат сөз жазғандар мен жала жапқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сонымен қатар заңсыз контентті жоймаған онлайн-платформаларға да шара қолдану ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобаларын таныстыру кезінде айтты.

2026 жылдың алғашқы 10 айында онлайн-платформаларда заңға қайшы 128,5 мың материал анықталған. Алайда соның 70%-ы ғана өшірілген. Осыған байланысты платформалардың Қазақстан аумағында заңды тұлға нысанындағы өкілдіктерін ашу міндетін бекіту ұсынылып отыр.

Егер платформа иесі немесе оның өкілдігі уәкілетті органның заңға қайшы контентті, соның ішінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою туралы нұсқамасын орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Пайдаланушыларға да жаңа талап қойылмақ

Заң жобасында әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда балағат сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Сондай-ақ платформаларда жала жапқаны үшін де жауапқа тарту ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпаратты теріске шығару тәртібі нақтыланбақ. Мұндай жағдайда теріске шығару бастапқы ақпарат жарияланған жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де орналастырылуы тиіс.

Адамның ашық дереккөздерде жарияланған фото және видеосын келісімінсіз пайдалануға қатысты да талап енгізу ұсынылған. Оны тек адамның өзі материалды әрі қарай пайдалануға тыйым салмаған жағдайда қолдануға болады. Сонымен қатар жеке және отбасылық өмірге қатысты мәліметтер мен бейнелер адамның қызметтік ісіне жатпайтыны заңда бекітілмек.

Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер онлайн-платформалардың заңнама талаптарын орындауына және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Заң жобалары мемлекет пен ірі платформалар арасындағы өзара іс-қимылды тиімді етуге, платформалардың заңнама талаптарын орындау жауапкершілігін арттыруға бағытталған», – деді Арман Қырықбаев.

Онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Тағы да оқыңыз: 16 жасқа толмағандарға неліктен әлеуметтік желіге кіруге тыйым салғалы жатыр

Сондай-ақ оқыңыз