Қар мен көктайғақта көлік жүргізгенде нені ескеру керек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қар жауып, жол тайғақ болған кезде көлік жүргізу қиындай түседі. Мұндай жағдайда жүргізушілер жылдамдықты азайтып, рөлді күрт бұрмауға және тежегішті абайлап басуға тиіс. Мамандар қысқы жолда қауіпсіз жүру үшін бірнеше маңызды кеңес берді.

ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершовтың айтуынша, көктайғақта көлік басқарудың басты қағидасы – оқыс қимыл жасамау. Себебі мұндай жолда шиналардың асфальтпен ілінісуі бірнеше есе төмендейді. Сондықтан жылдамдықты біртіндеп азайтып, рөлді нық ұстап, күрт маневр жасаудан аулақ болған жөн.

«Көктайғақта көлік жүргізудің басты ережесі – оқыс қимыл жасамау, газды қатты басуға да, тежегішті күрт басуға да болмайды. Басып озу, тоқтау және бұрылу сияқты әрекеттерді алдын ала жоспарлауға тырысыңыз», – дейді маман.

Тежегішті қалай басу керек?

Көлік ABS және тұрақтандыру жүйесімен жабдықталған болса да, тайғақ жолда тежегішті абайлап басу қажет. Ершовтың түсіндіруінше, дөңгелектердің толық бұғатталуына жол бермей, тежегішті бірқалыпты әрі үзіліспен басқан дұрыс. Кенет тежеу немесе жылдамдықты күрт арттыру көліктің басқарудан шығып, сырғанауына әкелуі мүмкін.

Жылдамдықты азайтудың тағы бір жолы – берілісті төмендету. Механикалық беріліс қорабы бар көлікте жоғары берілістен төменгісіне біртіндеп ауысу керек. Ал автоматты беріліс қорабында үшінші, кейін екінші берілісті мәжбүрлі түрде қосу арқылы жылдамдықты төмендетуге болады.

Көлік сырғанап кетсе не істеу керек?

Егер көлік тайып, жүргізуші басқаруды жоғалта бастаса, ең алдымен машинаны бағыттағысы келген жаққа қарау керек. Мамандығы бойынша техникалық кеңес беретін Ершов рөлді көлік қозғалысының бастапқы бағытына қарсы сырғанаған жаққа бұру керектігін айтады.

Алдыңғы жетекті көлікте газды аздап басып, рөлді біртіндеп түзету ұсынылады. Артқы жетекті көлікте газ педалін қысқа уақытқа босатып, дөңгелектер жолмен қайта ілініскен кезде газды қайта басу қажет.

«Есіңізде болсын: қарсы жолаққа шығып кеткенше, көліктің жол жиегіндегі қар үйіндісіне кіріп кеткені қауіпсіздеу», – дейді маман.

Қысқы маусымда көліктің техникалық жағдайын тексеру маңызды

Қауіпсіз жүру үшін жүргізушінің тәжірибесі ғана емес, көліктің техникалық жағдайы да маңызды. Ершов қыс басталғанда автокөлікті кешенді диагностикадан өткізуді ұсынады.

«Апатсыз әрі қауіпсіз жүрудің басты шарттарының бірі – көліктің жарамды болуы. Қысқы жағдайға дайындықтың бірде-бір талабын елемеуге болмайды. Жол үстінде көліктің қандай да бір бөлшегі істен шықса, тіпті экстремалды жүргізу тәжірибесі де апаттың алдын алуға көмектеспеуі мүмкін», – деп ескертті маман.

Тағы да оқыңыз: Қыста көлікті қаншалықты жиі жуу керек: маман жүргізушілерге кеңес берді

Сондай-ақ оқыңыз