Петропавлда Ozon мен Alibaba-ның логистикалық кешені салынады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: СҚО әкімдігі

Петропавлда Ozon және Alibaba сауда алаңдарының тауарларын сақтап, өңдеп, таратуға арналған халықаралық логистикалық кешен салу жоспарланып отыр. KYZYLZHAR HUB жобасына 29 млрд теңгеден астам инвестиция салынады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі хабарлады.

Жобаны Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар жүзеге асырмақ. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Royal Investment International компаниясының құрылтайшысы Марат Салиховпен кездесіп, кешеннің тұжырымдамасын талқылады.

Болашақ кешеннің жалпы аумағы 102 мың шаршы метр болады. Оның құрамына азық-түлік пен халық тұтынатын тауарларды сақтайтын қоймалар, жүктерді қайта тиеу аймақтары және кеңсе ғимараттары кіреді.

Жоба «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл мақсатта көлік-логистикалық нысандарды орналастыруға арналған №8 қосалқы аймақ құрылған. Қазір оның бас жоспары әзірленіп жатыр.

Әкімдік мәліметінше, кешеннің құрылысы өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Ozon дрон шабуылдарынан 30 млрд рубльден астам шығынға ұшырады

Сондай-ақ оқыңыз