Түркістан облысында 150 мың тонна жүгеріні өңдейтін зауыт іске қосылды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Түркістан облысында 150 мың тонна жүгеріні өңдейтін зауыт іске қосылды
фото: Үкімет

Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауыты жұмысын бастады. Құны 35 млрд болған жаңа кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге қауқарлы. Сонымен қатар 500 жұмыс орны құрылды.

Зауыт іс жүзінде қалдықсыз өндірісті қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған: жүгеріні өңдеу тереңдігі 98%-ға жетеді.

Бірінші кезеңде кәсіпорын модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнім түрлерін шығарады. Толық қуатқа шыққан кезде ассортимент 28 атауға дейін кеңейеді, оның ішінде тереңірек қайта өңделген өнімдер – мальтодекстрин, меласса, сироптар және онымен байланысты салаларда сұранысқа ие басқа да өнімдер.

Кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін Түркістан облысында жүгері егіс алқаптары кезең-кезеңімен ұлғайтылып, тамшылатып суару жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл әсіресе су ресурстары шектеулі аймаққа қатысты. Сонымен қатар жүгері күрішпен салыстырғанда суды аз қажет ететін дақыл.

Қазақстан – астықтың дәстүрлі ірі өндірушісі және экспорттаушысы. Соңғы үш жылда дәнді дақылдың жылдық өнімі 24 млн тоннадан асады. Мұндай көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және экспорттық позицияларды сақтауға ғана емес, сонымен қатар ел ішінде астық өңдеуді арттыруға мүмкіндік береді.

Болашақта зауыт қуатын жылына 300 мың тоннаға дейін арттыру және әлемнің 100-ден астам компаниясымен халықаралық әріптестікті тереңдету жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз