Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешені ашылды

Жарияланды
Орталық Азиядағы ең ірі мал бордақылау кешені/ үкімет

Түркістан облысында бір мезетте 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылайтын кешен іске қосылды. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау алаңы болып отыр. Ашылу рәсіміне премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты.

Қожатоғай ауылдық округінде орналасқан нысанды «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС салған.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, «Қайып-Ата» ЖШС Түркістан облысында 2011 жылы тіркелген. Компанияның негізгі қызмет бағыты – етті өңдеу және консервілеу.

Қазіргі басшысы – Шыңғыс Ертаев. Кәсіпорын Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылдық округінде орналасқан. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, компания шағын кәсіпорындар санатына жатады. Онда 31-ден 40-қа дейін адам жұмыс істейді. Негізгі қызметінен бөлек, ірі қара мал өсіру, азық-түлік өнімдерін сақтау және ветеринариялық қызмет көрсету бағыттары да тіркелген.

2026 жылғы 16 қазандағы дерек бойынша, компанияның салық аударымы 287,6 млн теңгені құраған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 160,1%-ға көп.

Ал кешеннің өзі жемшөп өсіруден бастап мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді сатуға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Жаңа нысан жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді.

Компаниялар тобына жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны мен қуаттылығы 46 мың тонналық құрамажем зауыты да кіреді. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясымен жемшөп дақылдарын өсіру және 12 мың басқа арналған заманауи мал биржасын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Кешенді салу кезінде Аустралия технологиялары қолданылған.

2024 жылдан бері Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық моделінің жекелеген тәсілдері енгізіліп келеді. Бұл тәжірибе мал өнімділігін арттыруға, өндіріс шығындарын азайтуға және бордақылау алаңдары мен мал саудасының инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға қажетті мүмкіндік жеткілікті. Оның ішінде жайылымдық жер, жемшөп қоры, білікті мамандар және экспорттық әлеует бар.

«Былтыр ет экспорты 100 мың тоннадан асты. Алайда бұл еліміздің әлеуеті толық пайдаланылды деген сөз емес. Қазір агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойып отырмыз», – деді министр.

Тағы да оқыңыз: Түркістан облысында 150 мың тонна жүгеріні өңдейтін зауыт іске қосылды

Сондай-ақ оқыңыз