Кассациялық сот блогер Махамбет Абжанға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Кассация оставила в силе девять лет блогеру Абжану за вымогательство 50 млн теңге
Махамбет Абжанға шыққан үкім өзгеріссіз қалды/фото: unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот блогер Махамбет Абжанға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ол кәсіпкер туралы жалған мәлімет таратқаны және одан 50 миллион теңге бопсалағаны үшін 9 жылға сотталған. 

Сот үкімі 

Сот дерегіне сәйкес, Махамбет Абжан басқа адамдармен бірлесіп, интернетте кәсіпкер туралы көрінеу жалған мәліметтер жариялаған. Сол әрекетімен кәсіпкерге ірі мөлшерде залал келтірілген. Кейін Абжан кәсіпкердің мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметттерді жинауды және одан әрі таратуды тоқтатуға  уәде етіп, ол үшін 50 миллион теңге беруді талап еткен. Абжан ақша алып жатқан кезде ұсталған.

2023 жылдың ақпанында бірінші сатыдағы сот Абжанды қылмыстық кодекстің 274-бабының үшінші бөлігі және 194-бабы төртінші бөлігінің 2- тармағы бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Сол жылдың наурызында апелляциялық сатыдағы сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Үкімге тағы бір шағым түсті

2025 жылы блогердің адвокаты сотталған адамның кінәсі дәлелденбегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Кассациялық сот істі қарап, Абжанның кінәсі расталған деген қорытындыға келді.

«Абжанның әрекеттері дұрыс сараланған, тағайындалған жаза қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сәйкес келеді. Осыған байланысты сот актілері өзгеріссіз қалдырылды», – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Махамбет Абжанды 2022 жылдың шілдесінде ұстады.

Сондай-ақ оқыңыз