2027 жылдан бастап жұмысынан айырылғандарға қанша жәрдемақы төленеді

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгереді. Ең төменгі жалақының өсуіне байланысты жәрдемақының ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғайып, оны алу мерзімі 3 аймен шектеледі. Еңбек министрлігі төлем алудың жаңа алгоритмін түсіндіріп берді.
Бірінші қадам – мансап орталығына жүгіну
Министрлік жұмыстан айырылып қалған жағдайда ең алдымен мансап орталығына жүгінуді ұсынды.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды.
«Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары кәсіби тәжірибеңіз бен дағдыларыңызды жан-жақты зерделейді. Содан кейін өзіңізге лайықты бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады», – деп хабарлады министрлік.
Екінші қадам – жұмыссыз мәртебесін алу
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, сізге ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Мансап орталығы сізге лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады. Қажет болса, мамандар кәсіптік оқыту орталығында қысқа мерзімді оқудан өтуді ұсынады.
Үшінші қадам – әлеуметтік төлемге өтініш беру
Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік төлем тағайындауға өзіңізге ыңғайлы тәсілмен өтініш бере аласыз.
Өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Ұялы телефоныңызға келген SMS-хабарлама арқылы проактивті қызметті де пайдалана аласыз. Бұдан бөлек, мансап орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып, өтініш бере аласыз.
Әлеуметтік төлем алуыңызға қарамастан, мансап орталығы сізге лайықты жұмыс іздеуді жалғастыра береді.
Төртінші қадам – төлемнің мерзімі мен мөлшерін есептеу
2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Төлем алу мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліңізге байланысты және 3 айдан аспайды.
Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табысыңыздың 45 пайызын құрайды. Есепке алынатын орташа айлық табыстың шекті мөлшері ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспайды.
Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де автоматты түрде айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды.