Астанада кәсіпкер тілшінің микрофонын тартып алды — видео

Елордада кәсіпкер әйел «7 арнаның» тілшісіне шабуыл жасап, операторды көлікпен қағып кетпек болды. Оқиғаның бәрі видеоға түсіп қалған.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Астанадағы кондитерлік цехта түсірілген видео тарады. Видеоны цехтің иесі жариялаған. Желі қолданушылары цехта санитария талаптары сақталмағанын, кәсіпкердің қызметкерлерге қарым-қатынасы дұрыс емес екенін сынаған.
Мән-жайды білу үшін «7 арна» тілшілері цех маңына барған. Журналистер видео түсіріп жатқан кезде кәсіпкер әйел тілшінің қолындағы микрофонын тартып алған. Содан кейін оқиға орнына полиция келіп, кәсіпкерге әрекеті үшін 86 мың теңге айыппұл салды. Ал микрофонды иесіне қайтармақ болған оператордың әрекеті басқа адамның тыныштығын бұзу деп бағаланған.
Айта кетейік, Құрылтайда онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралып жатыр. Соған сәйкес, адамның ашық дереккөздерде жарияланған фото және видеосын келісімінсіз пайдалануға қатысты да талап енгізілуі мүмкін. Оны тек адамның өзі материалды әрі қарай пайдалануға тыйым салмаған жағдайда қолдануға болады. Сонымен қатар жеке және отбасылық өмірге қатысты мәліметтер мен бейнелер адамның қызметтік ісіне жатпайтыны заңда бекітілмек.