ІІМ-де комитет төрағасы болған Данияр Мейрханға айыппұл салынды

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы болған Данияр Мейрханға сот үкімі шықты. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды.
Журналистің жазуынша, Данияр Мейрхан қарамағындағы қызметкерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін кінәлі деп танылған. Қылмыстық кодекстің 123-бабы негізінде қозғалған іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған.
«Жоғары лауазымды полицей 2025 жылдың сәуірі мен қарашасы аралығында қызметтес әйелді тікелей жұмыс орнында «жыныстық сипаттағы әрекеттер жасауға» мәжбүрлеген. Әйел жұмыстан шығып қаламын деп қорқып, психологиялық қысымға байланысты оның талабына көнуге мәжбүр болған», – деп жазды журналист.
Осыған байланысты полицей 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі растады. Іс жабық режимде қаралған.
Бұған дейін Мейрханға қатысты бір қылмыстық іс тоқтатылды. Адвокат Әлия Жаманбаеваның айтуынша, Данияр Мейрханның үстінен «20 адам арызданды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.