Путин, Цзиньпин мен Трамп 1,5 сағатқа созылған кездесуде не айтты

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің үшжақты кездесуі өтті. Тарихта алғаш рет ұйымдастырылған келіссөз шамамен бір жарым сағатқа созылды. Кездесуде Украинадағы соғысты тоқтату, ядролық қауіпсіздік, энергетика және халықаралық тұрақтылық мәселелері сөз болды.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, кездесу Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында өтті. Келіссөз 16:27-де басталып, 17:57-де аяқталған. Кездесудің ашық бөлігінде алғаш болып Қытай төрағасы Си Цзиньпин сөз сөйлеген. Ол үш державаны бір-бірінің мүддесі мен шекараларын құрметтеуге, экономикалық байланыстарды үзбей, ынтымақтастықты кеңейтуге шақырған.
Си Цзиньпиннің айтуынша, ірі мемлекеттер арасындағы келіспеушіліктерді диалог пен дипломатия арқылы шешу қажет. Сондай-ақ ол ядролық соғыстың алдын алып, ядролық қаруды таратпау туралы шарт талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, ядролық қақтығыста жеңімпаз болмайды.
Владимир Путин Ресей, Қытай және АҚШ халықаралық тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қоса алатынын айтқан. Ол үш елге ортақ қауіптердің қатарында халықаралық терроризм мен трансұлттық қылмысты атаған. Ресей басшысы Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесі де талқыланатынын жеткізген.
Ал Дональд Трамп үш ел басшысының әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелер бойынша диалог жүргізуге ерекше жауапкершілігі бар екенін айтқан. АҚШ президенті кездесудің нәтижелі болатынына үміт білдірген.
Сонымен қатар Иранның ядролық қаруға ие болуына Вашингтон жол бермейтінін мәлімдеген. Келіссөздің ашық бөлігінен кейін үш ел басшысы журналистерсіз кездесуін жалғастырған.
Ресей тарапының мәліметінше, бұл – осындай форматта өткен алғашқы кездесу. Келіссөз аяқталған соң көшбасшылар бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасамаған.
Кездесу АТЭС саммиті аясында өтті. Қытай, Ресей және АҚШ басшылары бұған дейін жеке форматта да келіссөз жүргізген. Атап айтқанда, Путин мен Трамп үшжақты кездесудің алдында жеке жүздескен.