Жүріс қоры 875 шақырымға жететін BYD Han жаңарды. Қазақстанда сатыла ма

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
BYD
BYD Han, новый BYD Han, BYD Han Казахстан, запас хода BYD
Фото: Weibo, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

BYD компаниясы жүріс қоры 875 шақырымға дейін жететін, қуаты 697 ат күшіне тең жаңа буындағы Han седанын әзірлеп жатыр. Бұл туралы CarNewsChina басылымы хабарлады.

Жаңа көліктің өлшемі үлкейіп, дизайны жаңарған. Сондай-ақ бірнеше түрлі күштік қондырғы нұсқасы ұсынылады. Автокөліктің тұсаукесері 27 қарашада Гуанчжоудағы автосалонда өтеді деп күтіліп отыр.

Ал Қазақстанда бұған дейін 22,5 млн теңгеден басталатын бағамен сатылған қазіргі BYD Han моделі жергілікті дистрибьютордың каталогынан жоғалып кеткен.

Жүріс қоры 875 шақырымға дейін жетеді

Жаңа BYD Han EV үш түрлі электрлі нұсқада ұсынылады. Базалық модельге сыйымдылығы 76,7 кВт·сағ аккумулятор және қуаты 329 ат күшіне тең артқы электр қозғалтқышы орнатылған. Оның CLTC циклі бойынша жүріс қоры 775 шақырымды құрайды.

Long Range нұсқасында аккумулятор сыйымдылығы 88,7 кВт·сағ-қа дейін ұлғайтылған. Ал артқы электр қозғалтқышының қуаты 402 ат күшіне жетеді. Бұл модификация бір қуатта CLTC циклі бойынша 875 шақырымға дейін жүре алады. Артқы жетекті екі нұсқаның да ең жоғары жылдамдығы – сағатына 240 шақырым.

Фото: Weibo, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Модельдер қатарындағы ең қуаттысы – толық жетекті Han Performance AWD. Ол жалпы қуаты 697 ат күшіне тең екі электр қозғалтқышымен және сыйымдылығы 88,7 кВт·сағ аккумулятормен жабдықталған. Бұл нұсқаның жүріс қоры 730 шақырымға жетсе, ең жоғары жылдамдығы сағатына 270 шақырымды құрайды.

Сонымен қатар 1,5 литрлік турбомотор мен электр қозғалтқышын біріктіретін DM-i қосылатын гибрид нұсқасы да қарастырылған. Турбомотордың қуаты – 154 ат күші, ал электр қозғалтқышы 268 ат күшін береді. Сыйымдылығы 45,36 кВт·сағ аккумулятор көлікке тек электр қуатымен 400 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Ал мәлімделген отын шығыны – 100 шақырымға 4,6 литр.

Электрлі нұсқалардың барлығы литий-темір-фосфатты химияға негізделген Blade аккумуляторларымен жабдықталған. Сондай-ақ BYD Flash Charging жылдам қуаттау технологиясына қолдау көрсетіледі. Оның көмегімен аккумулятор қуатын 10%-дан 97%-ға дейін небәрі тоғыз минутта толықтыруға болады.

Седанның өлшемі үлкейген

Фото: Weibo, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Жаңа BYD Han седанының ұзындығы – 5 156 мм, ені – 1 969 мм, ал дөңгелек базасы – 3 030 мм. Қазіргі модельмен салыстырғанда көлік 161 мм ұзарып, 59 мм кеңейген. Дөңгелектерінің арақашықтығы да 110 мм-ге артқан.

Сыртқы дизайны да жаңарған: алдыңғы бөлігінде жарық жолағы, жұлдыз тәрізді жарық элементтері мен капоттағы Han эмблемасы пайда болған. Көлікке 18, 19 немесе 20 дюймдік дөңгелек дискілер орнатылады.

Жаңа седанның төбесіне лидар орнатылған. Ол жүргізушіге көмектесетін God’s Eye B жүйесімен бірге жұмыс істейді. Бұл жабдық жоғары жинақтамаларда стандартты түрде ұсынылса, базалық электрлі нұсқа мен гибридте қосымша опция ретінде қолжетімді.

Фото: Weibo, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Көліктің салонында орталық сенсорлы экран, цифрлық аспаптар панелі және руль бағанына орнатылған беріліс ауыстырғышы бар. Сондай-ақ смартфондарды сымсыз қуаттауға арналған қуаты 50 Вт болатын екі алаң қарастырылған.

Қазақстанда BYD Han сатылымда бар ма

BYD Han седаны Қазақстанда 2025 жылдың басынан бастап ресми түрде 22,5 млн теңгеден басталатын бағамен сатылған. Алайда қазір модель жергілікті дистрибьютордың сайтындағы көліктер тізімінде жоқ. Бұрынғы модель парақшасы да ескі сілтеме арқылы ашылмайды.

Сондай-ақ оқыңыз