Ақтөбеде кісі қолынан қаза тапқан кәсіпкер Helios филиалының директоры болып шықты

16 қарашада Ақтөбеде үйінде қаза тапқан кәсіпкер Helios филиалының директоры Айболат Жисов болып шықты. Компания ұжымы басшысының қазасын ресми түрде растап, жақындарына көңіл айтты.
Бұған дейін марқұмның есімі мен ол басқарған компанияның атауы туралы ақпарат ресми расталмай келген.
Бүгін Helios ұжымы Айболат Жисовтың отбасы мен жақындарына көңіл айту жариялады.
«Айболат Тубасұлы білікті басшы, өз ісіне адал, айналасына әрдайым қолдау көрсете білген жан еді. Ол өзінің адамгершілігімен, мейірімділігімен, жігерлілігімен және өмірге деген құштарлығымен әріптестерінің ерекше құрметіне бөленді. Оның жарқын бейнесі мен өнегелі еңбегі баршамыздың жадымызда мәңгі сақталады», — делінген компания хабарламасында.
Helios басшысының қазасын бүкіл ұжым үшін орны толмас ауыр қайғы деп атады.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, 16 қарашада таңертең Ақтөбе қаласындағы ауқаттылар тұратын аудандардың бірінде 49 жастағы кәсіпкер үйінен өлі табылды. КТК телеарнасы ер адамды атып кеткен болуы мүмкін деп хабарлады. Марқұм – жанармай құю бекеттері желісінің директоры Айболат Жисов екені айтылды.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті ер адамның мәйіті табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
18 қарашада қылмысқа күдіктінің ұсталғаны белгілі болды. 49 жастағы Айболат Жисовтың өліміне күдікті ретінде екі тәуліктен кейін оның көршісі қолға түскен. Ол марқұмның үйінен небәрі бірнеше метр жерде тұрған және өз баспанасында ұсталған.
Қылмысты тергеуге Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының жедел қызметкерлері тартылды. Полиция күдіктінің Ақтөбе тұрғыны екенін ресми растап, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Қазір қылмыстың себептері мен өзге де мән-жайы анықталып жатыр.