Korean Air Қазақстанға рейс ашуды жоспарлап отыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: simpleflying.com

Оңтүстік Кореяның Korean Air әуе компаниясы 2027 жылдың жазында Сеул – Алматы бағыты бойынша рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе Қазақстан мен Оңтүстік Корея делегацияларының кездесуінде талқыланды.

Кездесу Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігі жөніндегі 7-дүниежүзілік конференциясы аясында өтті. Оған Қазақстан көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Оңтүстік Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі азаматтық авиация мәселелері жөніндегі вице-министрі Чон Чхе Гё қатысты.

Талғат Ластаев Korean Air компаниясының Қазақстан нарығына шығу жоспарын құптап, жаңа әуе тасымалдаушының келуі жолаушылар ағынын арттырып, туристік байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Korean Air Сеул – Астана бағытын ашу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

Қазір Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында Астана – Сеул, Алматы – Сеул және Шымкент – Сеул бағыттары бойынша аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады.

Кездесуде екі ел арасындағы әуе қатынасы туралы келісім жобасын аяқтау мәселесі де көтерілді. Қазақстан тарапы құжатқа қол қоюға дайын екенін растады. Келісім әуе қатынасын одан әрі кеңейтуге және екі елдің әуе компаниялары үшін жаңа бағыттар ашуға құқықтық негіз қалыптастыруға тиіс.

Еске салайық, биыл маусымда Оңтүстік Кореялық Eastar Jet лоукостері Алматыдан Сеулге тікелей рейстерді іске қосты. Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды. Сеулге дейінгі жол ұзақтығы – 6 сағат 5 минут, ал кері бағыттағы рейс 7 сағат 15 минутқа созылады.

Сондай-ақ оқыңыз