Қарағанды облысында жұқа мұз ойылып, үш балықшы қайтыс болды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: magnific

Қарағанды облысындағы Есен өзенінде үш балықшы суға батып көз жұмды. Құтқарушылар іздеу жұмыстары кезінде екі ер адамның және бір әйелдің денесін тапты. Бұл туралы КТК арнасы жазады.

Құтқару операциясы түнде басталған. Іздеу жұмыстарына сүңгуірлер мен кинологтар жұмылдырылып, дрон және жылу көрсететін дүрбі қолданған. Шамамен бір жарым сағаттан кейін құтқарушылар марқұмдардың денесін 2,5 метр тереңдіктен, жағадан 10 метр қашықтықтан тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылардың салмағын көтере алмай, жұқа мұз опырылып кеткен.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті мұз енді қатып жатқан кезде су айдындарына шығу өте қауіпті екенін ескертті. Тіпті жағадан бірнеше метр алыстағы мұздың өзі адам салмағын көтермеуі мүмкін.

«Құтқару операциясына ТЖД-ның төрт қызметкері, алты құтқарушы, бір кинологиялық топ және төрт техника жұмылдырылды», – деді Қарағанды облысы ТЖД басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда балықшының қармағына оқ-дәрі салынған сөмке ілікті

Сондай-ақ оқыңыз