Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған фотокөрме ашылды

Жарияланды 20 Қараша 2026 09:56

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: dimashnews.com

Мексика астанасында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолына арналған фотокөрме ашылды. «Ұлы қазақ даласынан Мексиканың жүрегіне дейін» деп аталатын экспозиция өнер иесінің шығармашылығын және қазақ мәдениетін әлемге танытуға қосқан үлесін көрсетеді.

Көрменің ашылуы 19 қарашада тарихи Casa de Carranza музейінде өтті. Іс-шара әншінің Мехикодағы DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы екі концертінің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген. Экспозицияны Димаштың мексикалық жанкүйерлері музейдің қолдауымен ұйымдастырған.

Жанкүйерлер Димаштың шығармашылық жолын фотосуреттер арқылы көрсетті

Көрмеге әншінің өнер жолындағы маңызды сәттерді бейнелейтін фотосуреттер қойылған. Экспозицияның ашылуына Димаштың анасы, әнші Светлана Айтбаева және Қазақстанның Мексикадағы консулы Данияр Қаратаев қатысты.

Фото: dimashnews.com
Фото: dimashnews.com

Светлана Айтбаева көрмені ұйымдастыруға атсалысқан мексикалық жанкүйерлерге алғыс айтып, олардың Димаштың шығармашылығына ерекше ықыласпен қарайтынын атап өтті.

Фото: dimashnews.com

Әншінің анасы екі халықтың бейбітшілікке, бірлікке, отбасы мен дәстүрге деген құрмет сияқты ортақ құндылықтарын да атап өткен.

Көрме тарихи музейде ұйымдастырылды

Іс-шараның Casa de Carranza музейінде өтуі де ерекше мәнге ие. 1908 жылы салынған бұл ғимаратта 1919–1920 жылдары Мексика президенті, ел тарихындағы маңызды саяси тұлғалардың бірі Венустиано Карранса тұрған. Қазір музейде оның өміріне және ХХ ғасыр басындағы Мексика тарихына қатысты құжаттар, фотосуреттер мен жеке заттар сақталған.

Фото: dimashnews.com

Осылайша, Димаштың шығармашылығына арналған көрме бір кеңістікте Қазақстан мен Мексиканың мәдени мұрасын тоғыстырды. Бағдарлама аясында деректі фильм де көрсетілді. Бұл көрсетілімге Мексика парламентіндегі «Мексика – Қазақстан» достық тобының төрайымы, федералдық депутат Марибель Мартинес Руис қолдау білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз