Жәнібекте жоқ белбеу: Димаш Құдайберген WBC бокс ұйымының белбеуін алды

Жарияланды 20 Қараша 2026 10:27

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрметті белбеуі табысталды. Марапаттау рәсімі 19 қарашада Мексика астанасы Мехикода өтті.

Бокс әлеміндегі ең беделді ұйымдардың бірі қазақстандық әншіні халықаралық жетістіктері мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапаттады.

Белбеуді Қазақстанның WBC-дегі өкілі Әлихан Жарылғапов және ұйым өкілдері Эктор Сулейман, Хосе Антонио Арреола Сулейман мен Виктор Сильва табыстады.

Димашқа белбеу беру туралы ұсынысты WBC президенті Маурисио Сулейманның өзі айтқан. Алайда ол денсаулығына байланысты марапаттау рәсіміне қатыса алмаған.

«Біз мұндай белбеуді өте сирек табыстаймыз. Димаш – ерекше адам, музыка әлемінің аңызы. Ол әлемдік деңгейде мойындалды. Көпшілік оны музыкасы мен ұстанған құндылықтары үшін жақсы көреді. Сондықтан оған осы белбеуді табыстауды жөн көрдік», – деді WBC өкілдері.

Кездесу барысында тараптар спорт пен музыканың халықтарды біріктірудегі рөлін, сондай-ақ Димаштың БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы аясындағы қызметін талқылады.

WBC-дің жасыл белбеуін әр жылдары Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Рой Джонс және Флойд Мейвезер секілді әйгілі боксшылар иеленген. Қазақстандық Геннадий Головкин де орта салмақта осы ұйымның әлем чемпионы болған.

Дүниежүзілік бокс кеңесі спорттан тыс салаларда жетістікке жеткен тұлғаларды да арнайы марапаттап келеді. Олардың қатарында Нельсон Мандела мен Түрки әл аш-Шейх бар.

Айта кетейік, Димашқа табысталған белбеу чемпиондық титул емес, арнайы құрметті марапат. Ал қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып көрмеген. Әлімханұлы 2027 жылғы 23 қаңтарда WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына таласады.

Сондай-ақ оқыңыз