2027 жылы құрылыс материалдарының импорты артып, теңге бағамына әсер етуі мүмкін

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанда құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, отандық құрылыс материалдарының өндірісі бұл өсімге ілесе алмай отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,1% өсті (2025 жылдың он айындағы өсім 15,1% болған). Сол уақытта Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, құрылыс материалдары өндірісінің өсімі 5,4%-ды ғана құрады (алғашқы хабарламада бұл көрсеткіш +5,3% деп көрсетілген).

Halyk Finance сарапшылары құрылыс белсенділігі 2027 жылы да арта түсетін болса, өсім қарқынындағы осы алшақтық құрылыс шығындарына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Егер тапшылықты жабу үшін материалдар өзге елдерден тасымалданса, бұл шетел валютасына сұранысты да күшейтуі ықтимал.

Бұған дейін де сарапшылар алдағы уақытта құрылыс материалдары қымбаттап, инфляция қарқын алуы мүмкін деген қауіп білдірген. Өйткені алдағы үш жылда экономкаға, әсіресе құрылыс саласына Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге құйылмақ.

Осы ретте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қомақты қаржының инфляцияға әсерін азайту үшін жобаларды қаржыландыруда басымдықтарды айқындап, өндірісті кеңейту мәселесін алдын ала шешуді ұсынған еді.

Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі отандық құрылыс материалдары өндірісіне инвестиция тартуды ынталандырып, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 73%-дан 80%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

«2026 жылдың он айында құрылыс саласы экономиканың негізгі секторлары арасындағы ең жылдам өсіп келе жатқан бағыттардың бірі болып қалды. Саланың қазіргі өсу құрылымы негізінен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық әрі инвестициялық жобалармен байланысты. Өткен жылғы жоғары базаға байланысты он айлық өсім біршама байсалды көрінгенімен, жыл соңына қарай Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғырту мен әлеуметтік нысандар салуға бөлінетін қосымша қаржы есебінен өсім қарқыны жеделдеуі мүмкін. Келесі жылы құрылыс динамикасын бюджет, ішкі және сыртқы қарыздар, сондай-ақ Президент жариялаған «Жалпыұлттық үлкен құрылыс» аясындағы мемлекеттік салымдарды қоса алғанда, Ұлттық қор трансферттерінің кеңеюі қолдай түспек», – дейді сарапшы.

Құрылыс жұмыстарының шамамен 55%-ы ғимараттар мен құрылыстарды тұрғызуға тиесілі. Бұл сегментте өсім 2025 жылдың он айындағы 19,2%-дан биыл 15,8%-ға дейін баяулады.

Есесіне жұмыс көлемінің 45%-ын құрайтын тұрғын және тұрғын емес ғимараттар құрылысы жеделдеді: сәйкесінше 12,2% және 12,3% болды (былтырғы он айда 7,6% және 10,2% еді).

Инфрақұрылымдық жобаларға байланысты инженерлік құрылыстар сегментінде теміржол, метро, электр беру желілері, телекоммуникация, сумен жабдықтау құбырлары және электромонтаж жұмыстары өсті: олар жалпы құрылыс жұмыстарының шамамен 21,5%-ын құрайды.

Бұл динамика теміржолдарды жаңғыртуға, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберіндегі желілерді жаңартуға, сондай-ақ Астана мен Алматыдағы жеңіл рельсті көлік жобаларына қатысты болуы мүмкін.

Келесі жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болып жарияланып, бұл бағытқа 6,5 триллион теңге бөлінеді. 

Сондай-ақ оқыңыз