Қазақстанда қолма-қол ақшасыз айналым қай жүйелерге тиесілі

Жарияланды 20 Қараша 2026 11:20

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

2026 жылдың қаңтар–қыркүйегінде Қазақстанда шығарылған төлем карталарымен 144,9 трлн теңгенің қолма-қол ақшасыз операциясы жасалды. Бұл былтырғыдан 6%-ға, 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 23,1%-ға көп. Осы аралықта халықаралық карточкалық жүйелердің айналымдағы үлесі 22,3%-дан 25%-ға көтерілді. Яғни биыл қолма-қол ақшасыз операциялар сомасының әр төртінші теңгесі халықаралық жүйелерге тиесілі болды. Мұны Ұлттық банктің деректері көрсетеді.

Жалпы өсім баяулады, халықаралық жүйелер үлесін арттырды

2024 жылдың алғашқы тоғыз айында қолма-қол ақшасыз операциялар сомасы 117,6 трлн теңге болған. 2025 жылы ол 136,6 трлн теңгеге, биыл 144,9 трлн теңгеге жетті. Бір жылда қосылған сома 19 трлн теңгеден 8,2 трлн теңгеге дейін азайды.

Халықаралық жүйелердің үлесі 25%-ға жетті

Қолма-қол ақшасыз операциялар сомасының карточкалық жүйелер бойынша үлесі, қаңтар–қыркүйек

2024 жыл

Жергілікті жүйе 77,7% · 91,4 трлн теңге

Халықаралық жүйелер 22,3% · 26,2 трлн теңге

2025 жыл

Жергілікті жүйе 76,4% · 104,4 трлн теңге

Халықаралық жүйелер 23,6% · 32,2 трлн теңге

2026 жыл

Жергілікті жүйе 75,0% · 108,6 трлн теңге

Халықаралық жүйелер 25,0% · 36,3 трлн теңге

Дереккөз: Қазақстан Ұлттық Банкі · 2024

Осы кезеңде халықаралық жүйелердің айналымы 38,4%-ға өсіп, 36,3 трлн теңгеге жетті. Жергілікті жүйеде өсім 18,8% болды, айналым 108,6 трлн теңгеге жетті. Биыл жалпы айналымға қосылған 8,2 трлн теңгенің шамамен 4 трлн теңгесі халықаралық жүйелерге тиесілі. Оның 3,3 трлн теңгесін Visa қамтамасыз етті.

Операция саны бойынша жергілікті жүйенің үлесі басым

Биыл тоғыз айда жасалған 11 млрд қолма-қол ақшасыз операцияның 82,4%-ы жергілікті жүйеге тиесілі. Ұлттық банк бұл санатта Kaspi.kz карточкалық жүйесін көрсетеді.

Жергілікті жүйеде бір операцияның орташа сомасы 11,9 мың теңге, халықаралық жүйелерде 18,7 мың теңге болды. Бұл көрсеткіш төлемдер мен ақша аударымдарын бірге қамтиды. Кестеде операциялар карточкалық жүйе бойынша берілгендіктен, осы айналымның қаншасы QR арқылы өткенін бөлек анықтау мүмкін емес.

Картадан қолма-қол ақша алу азайды

Биыл алғашқы тоғыз айда карталардан 19,4 трлн теңге қолма-қол ақша шешіп алынған. Бір жылда оның сомасы 4,9%-ға, операция саны 6,5%-ға азайды. Төмендеу халықаралық жүйелерде байқалды. Олардың карталарынан шешіп алынған ақша сомасы 10,2%-ға азайса, жергілікті жүйеде 8,9%-ға өсті.

Сондай-ақ оқыңыз