Цифрлық таңбалау не үшін қажет: сауда министрлігі негізгі тиімділігін атады

Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік және экологиялық тиімділігін көрсете бастады. Таңбалау жүйесі нарықтың ашықтығын арттыратын ең маңызды құрал. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова Digital Tañba 2026 форумында мәлімдеді.
Вице-министрдің сөзінше, ведомствоның негізгі мақсаты – бизнес пен сарапшыларды тарта отырып, осы құралдарды тауар айналымында іс жүзінде тиімді қолдану.
Спикердің айтуынша, таңбалау жүйесінің арқасында бюджетке түсетін салық және акциз түсімдері айтарлықтай өскен. Тауар өнімдері бойынша акциз түсімдері 330 млрд теңгеден асты, бұл 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 70%-ға артық. Сонымен қатар темекі өнімдерінен түсетін түсімдер үш есеге жуық ұлғайды.
Дәрілік заттарды таңбалау
Дәрілік заттарды таңбалау тауар айналымының бүкіл тізбегін цифрландыруға және талдауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде азаматтарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектердің дәріханалар арқылы коммерциялық негізде заңсыз сатылған фактілері анықталды. Сауда вице-министрі мұны тауар есебін жүргізу ғана емес, азаматтардың мүддесін қорғау және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау құралы деп атады.

Бизнес пен экспортты қолдау
Министрлік таңбалау талаптары отандық өндірушілерге қосымша кедергі келтірмей, керісінше оларды жосықсыз бәсекелестік пен заңсыз айналымнан қорғауы тиіс деп есептейді.
Осы мақсатта Digital Tañba 2026 форумы аясында кәсіпкерлер одақтарымен тауар айналымын цифрландыру шешімдерін бірлесіп ілгерілету және көлеңкелі нарықпен күресу туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар ведомство отандық экспорттаушыларды қолдау мәселесіне де назар аударып отыр. Себебі Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде таңбалауға жататын тауарлар тізімі мен жүйені енгізу мерзімдері әркелкі болып отыр.
Айта кетейік, 2026 жылдың қыркүйегінен бастап таңбалау биологиялық белсенді қоспаларға да қолданыла бастады.
Ал Қазақстан дәрі-дәрмекті таңбалау арқылы 42 млрд теңге үнемдеген.