Алимент дауы: қылмыстық істер бойынша берешек 1 млрд теңгеден асты

Қазақстанда алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты қылмыстық істер саны артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында осы істер бойынша келтірілген залал көлемі 1 млрд теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, биылғы он айда алимент төлеу міндетін орындамағандарға қатысты 686 қылмыстық іс тіркелген. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға көп. Ал 2020 жылдың толық көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.
Алимент төлеуден жалтару дерегі бойынша алдымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабымен әкімшілік іс қозғалады. Егер ата-ана үш айдан астам уақыт бала күтіміне арналған қаражатты төлемей, міндетінен жалтарса, іс қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін. Кей жағдайда ұзақ уақыт бойы немесе қасақана төлемеу фактісі расталса, әкімшілік істі бастамай-ақ қылмыстық тергеу жүргізіледі.
Finprom.kz мәліметінше, алимент бойынша қылмыстық істерден келген залал көлемі де өсіп отыр. 2026 жылдың он айында оның мөлшері 1 млрд теңгеден асқан. Залалдың өтелу көрсеткіші де өзгерген: биыл қылмыстық істер бойынша келтірілген шығынның 66%-ы сотқа дейінгі тергеу барысында өтелген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 36,3% болған.
Алимент өндіруді талап етіп, жәбірленуші деп танылған азаматтар саны да көбейген. 2020 жылы олардың саны 341 болса, биылғы қаңтар–қазанда 643 адамға жеткен. Жәбірленушілердің басым бөлігі – әйелдер. Биыл олардың үлесі 98,6%-ды құраған.
Сонымен қатар алимент төлемегені үшін сотқа тартылғандар саны да артқан. 2020 жылы бұл көрсеткіш 277 адам болса, 2025 жылы 704-ке жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы он айында 583 адам сотқа тартылған. Олардың 94–96%-ы ер адамдар.
Алимент төлеуден жалтарғандардың басым бөлігі жұмыссыз азаматтар. Биыл осы бап бойынша қылмыстық құқық бұзған 583 адамның 507-сі, яғни 87%-ы жұмыссыз болған. Ал жалдамалы жұмысшылар саны 53 адамды құраған.
Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші жарты жылында 232 мыңнан астам борышкердің алимент бойынша жалпы берешегі 19 млрд теңгеге жеткен. Бұл сома атқарушылық құжаттар бойынша жиналған жалпы қарызды қамтиды.
Оқи отырыңыз: Баласына алимент төлемеген 11 ақтаулық қылмыстық жауапқа тартылды