Трамп, Путин мен Си БҰҰ-ны реформалауға келісті: Тоқаевтың қандай қатысы бар

АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпин БҰҰ-ны реформалау туралы келісімге келді. 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен саммитте аталған мәселе бірлескен декларацияға енгізілді.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та БҰҰ жұмысына бірнеше рет сын айтып, оның Қауіпсіздік кеңесінің құрамын өзгертуді ұсынған еді. Kursiv.Media Тоқаевтың осы уақытқа дейінгі негізгі мәлімдемелерін жинақтады.
Путин, Трамп пен Си Цзиньпин не туралы келісті?
Үш елдің басшысы бейбітшілік туралы бірлескен декларация қабылдады. Құжатта БҰҰ-ны реформалау, мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың иммунитетін сақтау және ядролық соғыс қаупін азайту мәселелері қамтылған.
Құжаттың алғашқы тармағында жазылғандай, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері саналатын АҚШ, Ресей және Қытай ұйымды реформалауға атсалысуға міндетті болады. Үш елдің пікірінше, өзгерістер БҰҰ-ның жаһандық мәселелерге тиімді жауап беруіне, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы негізгі міндетін орындауына мүмкіндік беруі керек.
Тоқаев БҰҰ реформасын стратегиялық қажеттілік деп атады
Бұған дейін Тоқаев та БҰҰ-ға өзгеріс қажет екенін бірнеше рет айтқан еді. 2025 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясында ол ұйымды ауқымды реформалауға шақырды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау – шексіз талқылай беретін мәселе емес, стратегиялық қажеттілік. Бұл жұмыстың негізгі бөлігі Қауіпсіздік кеңесін реформалау болуы керек», – деді президент.
Ол Қауіпсіздік кеңесінің құрамын Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі мемлекеттер есебінен кеңейтуді ұсынды. Сондай-ақ, бір-бірімен келіспейтін елдердің арасында келіссөз жүргізуге көмектесе алатын орташа ықпалды мемлекеттердің рөлін арттыруды ұсынған.
Тоқаевтың пікірінше, егер БҰҰ елеулі өзгерістер жасамаса, ұйым халықаралық дағдарыстардың себебін жоюдың орнына, олардың салдарымен күресетін құрылымға айналып кетуі мүмкін.
Тоқаев Трамптың сынымен келісті
2026 жылғы сәуірде Анталия дипломатиялық форумында Тоқаев халықаралық ұйымдардың жұмысына тағы да сын айтты. Оның сөзінше, БҰҰ-ның рөлі біртіндеп әлсіреп барады. Қарулы қақтығыстарды тоқтату жөніндегі келіссөздер де ұйымнан тыс алаңдарда жиі өткізіледі.
Қазақстан президенті 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында Трамптың ұйым жұмысына қатысты айтқан сынымен ашық келісті.
«Трамп БҰҰ штаб-пәтеріндегі істемейтін телесуфлер мен эскалаторды сынап, «БҰҰ-да бәрі істен шыққан» деп мәлімдеді. Алайда ең үлкен мәселе – БҰҰ мен басқа да құрылымдардағы бейбітшілікті сақтау жүйесінің өзі бұзылған», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы БҰҰ Жарғысының кейбір ережелері ескіргеніне де назар аударды. Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құжатқа енгізілген «жау мемлекеттер» деген ұғымды сынға алды. Тоқаевтың айтуынша, арада 80 жыл өткен соң бұл тұжырымдардың өзектілігі жойылған. Өйткені кезінде қарсылас саналған мемлекеттер бүгінде БҰҰ-ны қаржыландыруға және халықаралық қауіпсіздікті сақтауға үлес қосып отыр.
«Орта державалар Қауіпсіздік кеңесінде отырған ірі мемлекеттерге қарағанда жиі жауапкершілік танытады. Өкінішке қарай, тұрақты мүшелер жаһандық маңызды мәселелерді шешуге кейде өздері кедергі келтіреді», – деп атап өтті ол.
«БҰҰ Жарғысы – таңдау мәзірі емес»: Тоқаев халықаралық құқықты талғап қолдануға қарсы
2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте Тоқаев тағы да ұйымды сынға алып, БҰҰ Жарғысын әркім өзіне қарай ыңғайлап ала салуға болмайтынын айтқан.
«БҰҰ Жарғысы – әркім өзіне ұнаған ережені ғана таңдап орындайтын мәзір емес», – деді президент.
Оның айтуынша, мемлекеттер халықаралық құқықтың кейбір талаптарын орындап, өздеріне тиімсіз ережелерді елемеуге тиіс емес. Бұл әсіресе қарулы қақтығыстар кезінде маңызды. Тоқаевтың пікірінше, әр ел халықаралық заңдарды өз мүддесіне қарай қолданса, БҰҰ-ға деген сенім азайып, ұйымның әлемдік мәселелерді шешу мүмкіндігі төмендейді.
Тоқаев неге БҰҰ-дан бас тартуға қарсы?
БҰҰ жұмысын сынағанымен, Қазақстан президенті бұл ұйымнан бас тартуға болмайтынын бірнеше рет айтқан. Тоқаевтың пікірінше, БҰҰ халықаралық мәселелерді шешетін негізгі ұйым болып қалуы керек. Оның Жарғысы да барлық мемлекетке ортақ халықаралық құқықтың негізі болуы тиіс.
Президент ұйымның жұмысын жақсарту үшін аймақтық бірлестіктермен байланысты нығайтуды, қақтығыстардың алдын алу үшін келіссөздерді ертерек бастауды және орташа ықпалды мемлекеттердің рөлін арттыруды ұсынды.
АҚШ, Ресей және Қытайдың БҰҰ-ны реформалау жөніндегі жоспары Тоқаевтың ұсыныстарымен қаншалықты сәйкес келетіні әзірге белгісіз. Үш ел реформалау қажеттігін айтқанымен, Қауіпсіздік кеңесінің құрамын кеңейту немесе шешім қабылдау тәртібін өзгерту туралы нақты ұсыныс жасаған жоқ.