Елде алты жылдан бері 9 млрд-тан астам тауар цифрлық таңбалаудан өткен

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Елде алты жылдан бері 9 млрд-тан астам тауар цифрлық таңбалаудан өткен
Фото: Серикжан Ковланбаев

Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау жүйесі 2020 жылдан бері дамып келеді. Жүйе іске қосылғалы бері 9 миллиардтан астам таңбалау коды жасалған. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Digital Tañba 2026 халықаралық форумында айтылды. 

Астанада өтіп жатқан Digital Tañba 2026 халықаралық форумында тауарларды цифрлық таңбалау жүйесінің жаңа даму бағыты айтылды. 

Енді басты басымдық таңбаланатын тауарлар тізімін көбейтуге емес, жинақталған деректерді нарықты басқаруға және экспорт рәсімдерін жеңілдетуге берілмек.

2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жүйе бүгінде міндетті таңбалауға жататын 7 тауар тобын қамтиды. Осы уақыт ішінде 9 миллиардтан астам таңбалау коды жасалып, платформаға 100 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Фото: Серикжан Ковланбаев

Деректерді тиімді пайдалану 

ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, жобаның келесі кезеңі жинақталған ақпаратты нарықтарды талдауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға бағытталуы тиіс.

«Цифрландыру қолданыстағы процестерді олардың экономикалық тиімділігін ескермей автоматтандырумен ғана шектелмеуі тиіс. Цифрлық таңбалаудың стратегиялық болашағы таңбаланатын тауарлар тізімін одан әрі кеңейтуден гөрі, жүйеде жинақталатын деректерді мемлекеттің қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты», — деді Қуанышбек Есекеев.

Фото: Серикжан Ковланбаев

Халықаралық келісімдер 

Форум барысында Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова қазақстандық экспорттаушылар үшін жасалған жаңа мүмкіндікке тоқталды. 

Енді отандық өндірушілер ресейлік таңбалау кодтарын Қазақстанның цифрлық жүйесі арқылы тікелей ала алады. Бұл тетік қазірдің өзінде 19 тауар тобын қамтып, өнімді Ресей нарығына шығару процесін айтарлықтай жеңілдетті.

Фото: Серикжан Ковланбаев

Сондай-ақ іс-шара аясында «ADAL TAUAR» кәсіпкерлер одағымен және халықаралық Procter & Gamble компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Тұтынушыларға бақылау мүмкіндігі беріледі

Азаматтар сатып алған тауардың түпнұсқалығын Naqty Ónim мобильді қосымшасы арқылы өз бетінше тексеріп, күмәнді өнім немесе заңбұзушылық анықталса, бірден хабарлама қалдыра алады. 

Фото: Серикжан Ковланбаев

Бірінші вице-министрдің сөзінше, бұл жүйе ең алдымен тұтынушылардың тауар сапасына деген сенімін нығайтуға қызмет етеді.

Айта кетейік, Астанада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен «Тауарларды таңбалаудан тұтынушылар сеніміне дейін» тақырыбында Digital Tañba 2026 халықаралық форумы өтіп жатыр.

Форумға мемлекеттік органдардың, отандық және халықаралық бизнестің, сарапшылар қауымдастығының және цифрлық жүйелер операторларының өкілдері қатысуда.

Олар тауарларды таңбалаудың нақты нәтижелерін, тауар нарықтарын басқаруда цифрлық деректерді пайдалану мүмкіндіктерін және жүйені одан әрі жетілдіру жолдарын талқылап жатыр.

Оқи отырыңыз: Әрбір тауарға ЖСН сияқты сәйкестендіру нөмірі берілуге тиіс – Бағдат Мусин

Сондай-ақ оқыңыз