ҚазҰУ ауруханаға түскен студент жайында ақпарат берді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Артемий Матюнин, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі ауруханаға түскен студентке қатысты ақпарат берді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, студент жедел жәрдемді өзі шақырған.

«Медициналық құпия мен заң талаптарына байланысты аурухана тарапынан университетке науқастың жағдайы туралы толық мәлімет берілген жоқ. Біз студенттің ата-анасымен байланыстамыз. Олардың айтуынша, қазір студенттің жағдайы бірқалыпты», – деп хабарлады ҚазҰУ.

Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр. Бұған дейін полиция да оқиғаға қатысты ақпарат берді.

«Осы оқиғадан кейін полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз өзіне жеңіл жарақат келтірген. Оған медициналық көмек көрсетілді», – деп хабарлады полиция.

Екі студенттің қазасы

Бұған дейін ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде 1-курста оқыған жігіт студенттер үйінде қайтыс болды. Қайтыс болған жігіттің туыстарының айтуынша, оқиға жатақхана ішінде түнгі 12 кезінде болған. 

«2-курста оқитын сегіз жігіт 1-курста оқитын екі баланы бөлмелеріне шақырған. Мұны бауырымның жанында болған жігіт айтып берді. «Не үшін ұрды?» деп сұрасақ, «Бізге ұнамай жүрсіңдер» деген. Жүрек тұсынан, ішінен ұрған. Жүрек тұсынан ұрған кезде бірден талып қалған. Екінші бала да таяқ жеген. Оған менің бауырымның аяғын бір сағат көтеріп тұр деп тапсырған. 

Оқиға сағат 12-де болыпты. Олар қорыққаннан бір сағат бойы жедел жәрдем шақырмаған. Сағат бір жарымда бір-ақ шақырған», – дейді марқұмның әпкесі Ұлдана.

Студенттің өлімі сағат 03:45 кезінде тіркелген. Сегіз студенттің біреуі ғана қамауға алынған. 

Оған дейін 6 қараша кешке студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. 

Сондай-ақ оқыңыз