Қазақстан агроөнімдерінің экспорты 7 млрд долларға жуықтады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан соңғы жеті жылда агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын екі есе арттырып, оның көлемін 7 млрд долларға жуықтатты. Өңделген өнімнің экспорттағы үлесі 52%-ға жетті. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі жылдары салада бірқатар оң өзгеріс болған. Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі 28%-ға өскен.

«Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті», – деді президент.

Ауыл шаруашылығына 2,7 трлн теңге инвестиция салынды

Президенттің мәліметінше, осы кезеңде жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылған. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар былтыр Қазақстанда соңғы 20 жылда алғаш рет ауыл шаруашылығының ұлттық санағы өткізілген. Санақ барысында цифрлық технологиялар қолданылып, саланың қазіргі жағдайы туралы толық мәлімет жиналған.

«Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ендігі міндет қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығының әлеуетін толық іске асыру екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз