Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйледі.
Ең алдымен президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Тоқаевтың пікірінше, ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала. Форумда су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты мазмұнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды.
«Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек. Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда», – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толған. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды.
Айта кететін жайт, президент мұның алдында Парламентаралық одақтың президентін қабылдаған еді.