Кешірілген несие сомасынан енді жеке табыс салығы ұсталмауы мүмкін

Қолданыстағы Салық кодексіне екі бірдей түзету енгізілмек. Бірі қарызы бар азаматтарға тікелей қатысты болса, екіншісі – жеңіл өнеркәсіптің салығын жеңілдетуге байланысты. Бұл өзгерістер премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңсе отырысында мақұлданды.
Бірінші түзету бойынша, егер банк немесе микроқаржы ұйымы адамның төлей алмай жүрген несиесін кешірсе, ол сомадан жеке табыс салығын (ЖТС) ұстамайтын болады.
Отырысқа қатысушылар адам өмірде тап болатын түрлі қиын жағдайларды заңда түгел тізіп шығу мүмкін емес деп тапқан.
Сондықтан борышкерден қосымша анықтама сұрамай-ақ, бекітілген шек ішінде салықтан босату тәсілі ұсынылды.
Бірақ мұнда бір маңызды шектеу бар: кешірілетін қарыздың салық салынбайтын лимиті екі есе азаяды.
Қазір банктер жылына несие портфелінің 10%-ы шамасында, ал микроқаржы ұйымдары 20%-ы көлемінде проблемалық қарызды провизияны азайту есебінен кешіре алады.
Жаңа ұсыныс бойынша бұл шек 5% және 10%-ға дейін түсіріледі. Дәл осы шек аясында есептен шығарылған қарыздың иесіне салық салынбайды. Ал лимиттен асқан бөлігі бойынша кредитор провизиядан түскен кірісті мойындап, салық агенті ретінде жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады.
Осы мәселе бұған дейін жобалық кеңсе отырысында қаралған. Сол кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мүлдем қайтарылмаған несиені, соның ішінде алаяқтар рәсімдеп жіберген қарызды кешіргенде, осы салықтан толық босатуды ұсынған.
Ал 2027 жылдан несие алу шарты өзгереді: азаматтардың жалпы қарызы оның табысына тікелей байланысты болады.
Қазіргі кезде мойнында төлемеген кредиті бар адамдарға жаңа несие берілмейді. Сонымен қатар соңғы 3 жылда қарызы толық кешірілген немесе соңғы 12 айда қарызын қайта құрылымдағанымен, кредитін төлеуге мүмкіндігі болмаған азаматтар да жаңа кредит ала алмайды.
Жеңіл өнеркәсіптің ауыр салығы азая ма
Екінші өзгеріс жеңіл өнеркәсіпке қатысты: ол жергілікті өндірісті дамыту келісімі арқылы жер, мүлік, жерді пайдалану және корпоративтік табыс салығынан жеңілдік беруді қарастырады.
Егер кәсіпорын келісім талабын өз кінәсінен бұзса, салық жеңілдігі талап бұзылған салық кезеңінің басынан бастап күшін жояды.
Талқылау барысында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының өкілі Салтанат Әбдікәрімова мата әкелген кезде ҚҚС бірден толық төленетінін, ал дайын өнімнің ақшасы тапсырыс берушіден бірнеше айдан кейін, кейде тоғыз айға дейін кешігіп түсетінін айтты.
Бұл тігін цехтерінің айналым қаражатын қатырып, жұмысын қиындатады. Осы ретте Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда өнім тігуге шикізат ретінде әкелінетін маталарға ҚҚС-ты бөліп төлеудің қолданыстағы тәртібін қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Екі ұсыныс та салалық заңнамадағы өзгерістер ескеріле отырып, Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің жалпы топтамасына қосылады.