Алматыда жалған куәлік алған азамат жолаушылар автобусын жүргізген

Алматыда жолаушылар автобусының қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін полицейлер автобус жүргізушісінің куәлігі ресми базада жоқ екенін анықтады. Құжат жалған болып шықты, деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Жол апаты Алатау ауданында болған. Полицияның нақтылауынша, құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізуші ұсынған куәліктің қолдан жасалған болуы мүмкін екенін байқаған.
Қазіргі уақытта жүргізуші құжаттарымен бірге полиция басқармасына жеткізілді. Мамандар жалған куәлікті пайдалану мән-жайын анықтап жатыр.
Ведомство хабарламасында жол апатының себептері мен зардап шеккендер туралы ақпарат келтірілмеген.
Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысында жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік жүргізген 170-тен астам адам ұсталған еді.