FlyArystan жолашуы құқығын шектейтін ішкі ережелерін өзгертетін болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
суд с FlyArystan
фото: gov.kz

Алматы қаласының апелляциялық соты Сауда және интеграция министрлігінің FlyArystan әуе компаниясына берген нұсқамасының заңдылығын растады. Министрлік әуе компаниясынан жолаушылардың құқығын шектейтін ішкі ережелерін заң талаптарына сәйкестендіруді талап еткен.

Әуе компаниясына тексеру жүргізуге жолаушылардың бірінің шағымы себеп болған. Осыдан кейін Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті FlyArystan компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында әуе компаниясының ішкі ережелерінде жолаушылардың құқығын шектейтін бірқатар талап бары анықталды. Атап айтқанда:

  • тасымалдау талаптарын біржақты тәртіппен өзгерту;
  • әуе тасымалдаушысының жауапкершілігін шектеу;
  • жекелеген алымдарды заңсыз өндіріп алу;
  • жолаушылардың ақшалай қаражатты қайтару құқықтарын шектеу;
  • тұтынушыларды ақпараттандыру талаптарын сақтамау және жазбаша наразылық хат беру тәсілдерін шектеу.

«Тексеру қорытындысы бойынша әуе компаниясына заңбұзушылықтарды жою және ішкі тасымалдау қағидаларын Қазақстан заңнамасына сәйкестендіру туралы нұсқама берілді. Алайда әуе компаниясы тексерудің және берілген нұсқаманың заңдылығын даулады», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

2026 жылдың 21 шілдесінде сот министрліктің нұсқамасын заңды деп таныды. FlyArystan бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда апелляциялық сот та алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, әуе компаниясы ішкі ережелерін заң талаптарына сәйкестендіруге міндетті.

Айта кетейік, лоукостер FlyArystan авиакомпаниясы 2025 жылғы қаржы есебін жариялады. Ел іші мен шетелге жолаушы тасымалын арттырып, түсімін 203,13 млрд теңгеге дейін еселегенімен, әуе компаниясы 2025 жылды 4,53 млрд теңге шығынмен жапты. Салыстырмалы түрде айтсақ, тасымалдаушы 2024 жылы да 3,57 млрд теңге шығын шеккен.

Сондай-ақ оқыңыз