Атыраулық судья Зарема Хамидуллина тағы бір шулы істе үкім шығарады

2026 жылғы 25 қарашада Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Исаев пен тағы алты адамға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталады.
Істі судья Зарема Хамидуллина қарайды. Бұл туралы жергілікті Atyrau Oil сайты хабарлады.
Сотқа тартылғандардың қатарында қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы, оның орынбасары, есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкері және қалалық полиция басқармасының тылдық қамтамасыз ету тобының екі қызметкері бар.
Редакцияның хабарлауынша, тылдық қамтамасыз ету тобының екі қызметкері заттай дәлелдемелер сақталатын қоймадан синтетикалық есірткі заттарын ұрлап, кейін оларды сатумен айналысқан.
Ал Cвидетель.kz хабаралуынша, қылмыстық іс 2 млн теңге пара беруге қатысты қозғалған.
Бақытбек Исаевтың екі айға тергеу изоляторына қамалғаны туралы ақпарат 2026 жылдың сәуірінде расталды. «Ақ Жайық» дереккөздерінің мәліметінше, тергеушілер күдіктінің қызмет бабын асыра пайдалану фактісін тексерген.
Зарема Хамидуллина қараған істер
Атырауда қайын жұртындағы төрт адамды өлтірген 30 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Істі Зарема Хамидуллина қарады.
Сөзінше, Сәрсемәлиевтің ақыл-есі дұрыс, жоспар құрып, төрт адамды бірдей қасақана қазаға ұшыратқан.
«Сотталушы Сәрсемәлиевтің 2025 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін төрт адамды бірдей қасақана қазаға ұшыратқаны, олардың өлтіргеннен кейін алаяқтық, ұрлық, жеке куәліктерін жымқыру секілді бірнеше құқық бұзушылық жасағаны, жәбірленушілердің мүліктерін талан-таражға салғаны, несие рәсімдегені, ауыл тұрғындарын қаза болған Наурыздың атынан алдап, хабарламалар жазып, малын сатып жібергені толықтай дәлелін тапты», – деді судья.
Одан кейін Атырауда 13 жастағы мектеп оқушысын өлтіруге оқталған жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазір Атырауда 37 жастағы Ерсінбек Жұмағалиевқа қатысты қылмыстық іс те қаралып жатыр. Ол азаматтық некедегі әйелі Алмагүл Шымырованы 28 рет пышақтаған. Оқиға 2026 жылдың шілдесінде болған. КТК телеарнасының хабарлауынша, ер адамның әйелді пышақтағанын екеуінің 3 жастағы қызы көрген. Ер адам қызын қансырап жатқан әйелінің жанында тастап кеткен. Бүлдіршіннің сол жерде бір тәуліктен аса уақыт отырғаны айтылды. Бұл істе де Зарема Хамидуллина төрағалық етеді.