
Miss Universe 2026 халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан атынан қатысқан Алина Ри мемлекеттік тудың элементтері бейнеленген ерекше ұлттық киіммен сахнаға шықты.
21 қарашада Пуэрто-Рикода өтіп жатқан «Әлем аруы» байқауы аясында қатысушылардың ұлттық киімдер көрсетілімі – National Costume Show ұйымдастырылды.
Қазақстандық Алина Ри сахнаға «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты образбен шықты. Ерекше костюмді отандық SV Muse бренді әзірлеген. Киімнің басты ерекшелігі – арнайы механизм арқылы ашылатын алтын түсті бүркіт қанаттары. Олардың құлашы 4,5 метрге жетеді.
Ұлттық киімді жасауға 5 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған
Костюмді дайындауға шамамен алты ай уақыт кеткен. Оның кестелері қолмен тігіліп, 10 мыңнан астам сәндік тас орнатылған. Сондай-ақ киім табиғи қауырсындармен безендіріліп, ұзындығы бес метрлік шлейфпен толықтырылған. Ұлттық киімнің салмағы шамамен 30 келі, ал оны әзірлеуге 5 млн теңгедей қаржы жұмсалды.
Образдың тұжырымдамасын Алина Ридің өзі ұсынған. Ол ұлттық байқауда жеңіске жеткеннен кейін Қазақстанды халықаралық сахнада мемлекеттік тудың элементтері арқылы таныстыруды жөн көрген.
«Қазақстаныммен мақтанамын!»
Алина Ри Instagram парақшасында ұлттық киіммен өнер көрсеткен сәтін жариялап, әсерімен бөлісті.
«Көгілдір түс, алтын күн мен қалықтаған қыран – біздің еркіндігіміздің, тәуелсіздігіміздің және рух күшіміздің символдары. Мен бүгін бүкіл әлемге туған жерімнің басты рәмізін – көк туымызды мақтанышпен таныстырдым! Бүгінде ол «Әлем аруы» сахнасында асқақтап желбіреді! Қазақстаныммен мақтанамын!» – деп жазды ол.