Көлік жөндеткенде ақшаны қалай үнемдеуге болады – маман кеңестері

Көлік жөндетер алдында қосалқы бөлшектерді өз бетімен сатып алу ақша үнемдеуге көмектесуі мүмкін. Кей жағдайда дүкендегі бөлшек бағасы автосервис ұсынған бағадан едәуір арзан болады. Алайда көлікке сәйкес келмейтін немесе сапасыз бөлшек сатып алу қосымша шығынға әкелуі мүмкін. ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершов қосалқы бөлшек таңдағанда жиі кездесетін үш қатені атап, ақшаны тәуекелсіз үнемдеу жолдарын түсіндірді.
1. Қосалқы бөлшекті көліктің маркасына қарап таңдау
Көп жүргізуші бөлшек сатып алғанда көлігінің маркасын, моделін, шығарылған жылын және қозғалтқыш көлемін ғана ескереді. Алайда қазіргі автомобильдерде бұл мәліметтер бөлшектің нақты сәйкес келетінін анықтауға жеткіліксіз.
Бір модельдің өзінде шығарылған нарығына, жинақтамасына, қосымша жабдықтарына және өндірілген күніне қарай әртүрлі бөлшектер қолданылуы мүмкін. Олардың өлшемдері мен электрлік сипаттамалары да өзгеше болуы ықтимал. Соның салдарынан сатып алынған бөлшек көлікке мүлде сәйкес келмеуі немесе орнатылғаннан кейін дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.
Маманның түсіндіруінше, мұндай қателіктің алдын алу үшін бөлшекті көліктің VIN-коды арқылы кәсіби электронды каталогтан таңдау қажет. Тіпті VIN-кодпен іздеу де әрдайым абсолютті дәлдікке кепіл болмайды: өндіріс барысында зауыттар кейде көлік конструкциясына каталогта жеке модификация ретінде көрсетілмейтін өзгерістер енгізеді. Сондықтан бөлшектің артикулын және нақты сипаттамаларын қосымша тексерген жөн.
2. Қосымша бөлшектер мен шығын материалдарын ескермеу
Кей жүргізуші негізгі бөлшекті сатып алумен шектеледі. Алайда оны ауыстырған кезде қосымша бекіткіштер, тығыздағыштар, герметиктер немесе басқа да шығын материалдары қажет болуы мүмкін.
Мысалы, цилиндрлер блогының басы қақпағының төсемін ауыстырғанда бір рет қолданылатын бекіткіштер мен технология бойынша қажет герметикті де ескеру керек. Ал термостатты ауыстырған кезде салқындату сұйықтығының жағдайын тексеріп, қажет болса оны да жаңарту қажет.
Автокөліктегі бөлшектер бір-бірімен байланысты болғандықтан, негізгі бөлшекті ауыстырумен ғана шектелу жөндеу сапасына әсер етуі мүмкін. Кейбір қосымша элементтерді қайта пайдалану өндіруші белгілеген жөндеу тәртібін бұзады.
Сондықтан бөлшек сатып алмас бұрын жөндеу жұмысына қажет материалдардың толық тізімін анықтап, оған қанша қаражат кететінін есептеген дұрыс. Егер қосымша бөлшектер ескерілмесе, көлік жөндеу кезінде көтергіште тұрып қалуы немесе қажетті заттарды алу үшін сервиске қайта баруға тура келуі мүмкін.
Маманның айтуынша, мұндай жағдайда көлікті өз бетінше жөндеуге немесе бөлшектерді таңдауға қажетті техникалық білімі жоқ жүргізушіге кәсіби автосервиске жүгінген дұрыс.
3. Жалған немесе сапасыз бөлшек сатып алу
Автонарықта түпнұсқа бөлшекке ұқсатып жасалған жалған өнімдер де кездеседі. Олардың қаптамасы, жазулары мен қорғаныш белгілері түпнұсқадан айтарлықтай ерекшеленбеуі мүмкін. Сондықтан тек сыртқы көрінісіне қарап сапасын анықтау қиын.
Жалған бөлшектердің материалы, термиялық өңделуі, механикалық өңдеу дәлдігі немесе ішкі бөліктерінің реттелуі талапқа сай болмауы мүмкін. Мұндай ақаулар бірден байқалмайды, бірақ уақыт өте келе көлік жүйелерінің жұмысына кері әсер етіп, күрделі бұзылуға әкелуі ықтимал.
Константин Ершов қосалқы бөлшектер мен техникалық сұйықтықтарды ірі ресми дистрибьюторлардан немесе беделді дүкендерден сатып алуға кеңес береді. Мұндай сатушылар тауардың жеткізілу жолын құжатпен растап, даулы жағдай туындаса, мәселені шешуге мүдделі болады. Онлайн дүкендер мен маркетплейстерден сатып алғанда да сатушының сенімділігін тексерген жөн.
Қосалқы бөлшектерді өз бетімен сатып алу қашан тиімді?
Маманның пікірінше, бөлшектерді өз бетінше сатып алу бірнеше шарт орындалған жағдайда ғана экономикалық тұрғыдан тиімді болады.
- Дүкендегі баға мен автосервис ұсынған бағаның айырмасы жеткілікті болуы керек. Үнемделетін ақша бөлшекті қате таңдаудан немесе ауыстырудан туындайтын ықтимал шығыннан көп болғаны жөн.
- Жүргізуші қажетті бөлшекті дұрыс таңдап, оның көлікке сәйкестігін тексере алуы керек. Сондай-ақ жөндеу кезінде қандай қосымша материалдар қажет болатынын білуі маңызды.
- Сатушы тауардың жеткізілуін растайтын құжаттарды ұсынып, сәйкес келмеген жағдайда оны қайтаруға немесе ауыстыруға мүмкіндік беруі керек.
Осы талаптардың бірі орындалмаса немесе бөлшекті таңдауға қатысты күмән болса, сатып алуды автосервис мамандарына тапсырған қауіпсіздеу.
Қосалқы бөлшекті өз бетімен сатып алу әрдайым шығынды азайтпайды. Кейде арзан бөлшекке үнемделген ақша кейін қайталама жөндеуге, көліктің бос тұруына және қосымша жұмыстарға жұмсалуы мүмкін. Сондықтан басты мақсат тек бөлшектің бағасын төмендету емес, көліктің қауіпсіз әрі дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету болуы керек.
Тағы да оқыңыз: Қысқы реагент көлік шанағын бүлдіруі мүмкін: қалай қорғауға болады