GTA 6 бір күнде 3,79 млрд доллар табыс тауып, рекорд орнатты

Жарияланды 23 Қараша 2026 11:55

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Rockstar Games

19 қарашада жарық көрген Grand Theft Auto VI (GTA 6) ойынының сатылым көрсеткіші алғашқы тәулікте 3,79 млрд доллар болды. Әзірлеуші Rockstar Games бұл ойын-сауық индустриясы тарихындағы ең табысты старт екенін мәлімдеді.

Take-Two Interactive компаниясының 20 қарашада жариялаған мәліметіне сәйкес, GTA 6 ойынының алғашқы күнгі әлемдік бөлшек сауда көлемі 3,79 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш компанияның алдын ала есептеулеріне негізделген.

Осылайша жаңа ойын 2013 жылы шыққан GTA V нәтижесінен асып түсті. Алдыңғы бөлім алғашқы тәулікте шамамен 800 млн доллар табыс тапқан болатын.

32,5 млн дана алдын ала сатылған

Rockstar Games мәліметінше, GTA 6 ресми релизге дейін 32,5 млн дана сатылған. 2013 жылы шыққан GTA V ойынының жалпы сатылымы 235 млн данаға жуықтаған. Ал Grand Theft Auto сериясының барлық бөлімдері осы уақытқа дейін шамамен 480 млн дана сатылған.

Rockstar Games негізін қалаушы әрі президенті Сэм Хаузер ойыншыларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

«Grand Theft Auto VI ойынының жарыққа шығуымен Rockstar Games тарихындағы жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылардың ықыласына шын жүректен ризамыз», – деді ол.

Сыншылар GTA 6 ойынына 99 ұпай берген

Компанияның хабарлауынша, GTA 6 Metacritic платформасында 100 ұпайдың 99-ын жинаған. Rockstar Games бұл көрсеткішті ойын тарихындағы ең жоғары бағалардың бірі ретінде атап өтті.

Ойын оқиғасы АҚШ-тың Майами қаласына ұқсас ойдан шығарылған Вайс-Сити қаласы мен Леонида штатында өрбиді. Басты кейіпкерлер – Джейсон мен Люсия.

GTA 6 ойыны 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларына шықты. Бұл – GTA V жарық көргеннен кейінгі 13 жыл ішінде ұсынылған серияның алғашқы жаңа бөлімі. Компьютерге арналған нұсқасының шығу мерзімі әзірге жарияланған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз